«Мұндайды көрген адам әділдіктің бар екенін түсінеді». Алматыда жаңа Аntikor орталығы ашылды

01.06.2020 21:31

Open Space форматында жұмыс істейтін болады

Алматыда жаңа Аntikor орталығы ашылды. Енді ол Open Space форматында жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өтініштер қабылданып, кеңес беріледі. Орталықтың ашылуына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысып, жаңа нысанның жұмысымен танысты. Халықпен өзара байланыс орнатуда орталықтың артықшылығы неде? Азаматтардың сенімділігін арттыру үшін мұнда қандай қызметтер көрсетіледі?

Орталықтың бірінші қабатында азаматтарды қабылдауға арналған процессуалды офицер жеке кеңсе-кабиналары мен «Алматы – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бар. Одан бөлек, «Мейірімділік акселераторы», «Адал көмек» сияқты басқа да жобалар бойынша қызмет көрсетіледі. Ашық алаң форматындағы орталықтың ашылуына қатысқандар мемлекеттік органдар арқылы алынатын қызмет әдістерін трансформациялаудың заман талабы екенін тілге тиек етті.

«Ең біріншіден, қоғам мен мемлекеттік органдардың және бизнес қауымдастықтардың тығыз байланысы  «диалог» алаңы дейді ғой, міне, қазір осындай мүмкіндіктер осында жасалып отыр», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.

Өз сөзінде қала әкімі Ел президенті жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, алматылықтардың алдында ашықтықты күшейту жұмыстарының жүргізіліп жатқандыған атап өтті. Онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемінің де ұлғайып келе жатқандығын алға тартты.

«Кеңес беруші де, заңгер де, қайырымдылықпен айналысатындар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері осында отырады. Демек бәрі бір жерде шоғырланады. Яғни, мұндай орталыққа келген өтініш берушінің мәселесі жан-жақты қарастырылады. Мұндайды көрген адам әділдіктің бар екенін түсінеді. Мені тыңдап, құлақ асады екен ғой деп сеніммен қарайтын болады. Осындай істер бізді халыққа бір табан жақын етеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жаңа нысан Жібек жолы, 15 мекенжайында орналасқан. Мұнда тек өтініштер қабылданып, кеңес қана берілмейді. Орталық жемқорлыққа қарсы күресте қоғам, үкіметтік емес ұйымдардың, діни және этномәдени әрі жастар ұйымдарының, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының күшін біріктіретін болады.

Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы