Нұр-Сұлтанда папайя мен апельсин жеміс бере бастады

Нұр-Сұлтанда папайя мен апельсин жеміс бере бастады
Жалпы, оранжереяда 70-тен астам тропикалық және субтропикалық өсімдік түрі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тропикалық өсімдіктер былтыр ғана әкелінген. Десе де, жылыжайдағы жайлы жағдайдың арқасында тез жерсініп, жеміс түйе бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Испаниядан былтыр ғана әкелінген апельсин ағашы жеміс бере бастады. Бақ мамандарының айтуынша, ол мінез көрсетпей, бірден жерсініп кеткен. Бір қызығы, ағаштан шыққан осындай бір апельсин жарты келіге дейін тартады. Бұл оған күн сәулесі, жылу мен қоректік заттардың жеткілікті деңгейде берілуінен дейді мамандар.

Ботаникалық бақ қызметкерлері жаңа піскен жидекті барынша зерттеп, сұрпын анықтап, тіпті дәмін де татып көрді. Бұдан соң әрқайсысы жемістің сапасына өзінің бағасын берді. Бірақ ғылыми қызметкерлерді айрықша таң қалдырғаны - оранжереядағы папайя ағашының жеміс түюі болып отыр. Оңтүстік Мексикада өсетін өсімдікті былтыр германиялық бақ сыйға тартқан екен. Бастапқыда небәрі жарты метрлік түп болыпты. Ал қазір алты жарым есеге ұлғайып, жайқалып тұр. Оның үстіне жеміс беруде. Папайяны басқаша «қауын ағашы» немесе «нан ағашы» деп те атайды.

«Оның нан ағашы деп аталу себебі өз отанында, яғни оңтүстік Америка, оңтүстік Мексика және орталық Мексикада оны отқа қақтап пісіреді екен. Сол кезде одан нанның иісі шығатын көрінеді, сондықтан да қарапайым халық оны «нан ағашы» деп те атап кеткен», – дейді ботаникалық бақтың ғылыми қызметкері Айнұр ЕРМЕКОВА.

Аталған өсімдікті тағамға қосып қана қоймай, медициналық, косметологиялық бағыттарда да қолданады екен. Әсіресе тері мен көзге жақсы дейді бақ қызметкерлері. Енді олар түрлі дәрумендерге бай папайяны оранжереяда емін-еркін өсіріп, көбейтпек ойда. Жылыжайда өзін жайлы сезініп, «Кавендиш» ергежейлі бананы да жеміс беруде. Алғаш рет жеміс түйген өсімдік бір де бір жемісін тастамай, толыққанды өсіп жатыр.  

Жалпы, оранжереяда 70-тен астам тропикалық және субтропикалық өсімдік түрі бар. Ал олардың өзін жайлы сезінуі үшін мұнда суару мен температураны реттеудің автоматтандырылған заманауи жүйесі жұмыс істейді. Тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау - бәрі компьютермен басқарылады. Бақ қызметкерлері тропикалық өсімдіктерді көбейтіп, қала тұрғындарына нарық бағасынан арзан сатуға дайын. Бірақ ол үшін арнайы жылыжай қажет дейді.

Новости партнеров