Президент Мемлекеттік туды қорлағандарға қатысты пікір білдірді

01.06.2022 21:31

Мемлекет басшысы жастардың отаншылдық рухын күшейту керек екенін атап өтті

ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды қорлағандарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ел Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

"Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс", - деді салтанатты жиында Мемлекет басшысы.

Тоқаев жастардың отаншылдық рухын күшейту керек екенін атап өтті.  

"Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы", - деді ол.

Мемлекет басшысы «туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған ел екемізді айтты.

Сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес сөзін мысал келтірді.  

"Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым", - деді Президент.