Биыл Алматыдағы Манас көшесі халықаралық стандартқа сай абаттандырылады

15.01.2019 21:31

Өткен жылы Бостандық ауданында 130 аула күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, 40 көшедегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы бүгін халық алдында есеп берген аудан әкімі айтты. 342 мыңнан аса тұрғыны бар ауданда 2018 жылы тағы қандай істер атқарылды?

Өткен жылы Бостандық ауданында қолға алынған ең ірі жоба – бірінші БРТ желісінің іске қосылуы. Тимирязев пен Жандосов көшелерінде ашылған БРТ желісі қоғамдық көліктердің жүру уақытын жылдамдатқан. Бұдан бөлек, ауданда аулалар мен көшелерді абаттандыруға үлкен мән берілген. Тек өткен жылдың өзінде 130 аула күрделі жөндеуден өткізіліп, балалар және спорт алаңдарымен жабдықталыпты. Аудан әкімінің айтуынша, халықтың көкейкесті мәселесі – коммуналдық қызметтер сапасын жақсартуға да ден қойылған.

«Өткен жылы су құбырын, кәріз жүйелерін және газ жүйесін тартуға және жаңғыртуға 1 млрд 270 млн теңге жұмсалды. Соның арқасында коммуналдық қызметтер сапасы біршама артты. Бүгінде орталық кәріз жүйесіне қосылған абоненттер үлесі 80 пайызды құрап отыр», – деді Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.

Ауданда экономикалық көрсеткіштер бойынша барлық бағытта өсім бар. Инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде, өткен жылы қазынаға түскен кіріс – 388 млрд теңге. Оның 118 млрд теңгесі жергілікті қазынаға құйылған. Сонымен қатар, ауданға 170 млрд теңгедей инвестиция тартылған. Ал өнеркәсіптік кәсіпорындарда 74 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бөлшек тауар айналымы – 307 млрд теңгені құрап отыр.

«Өмір сүру сапасын арттыру мақсатында өткен жылы ауданда 85 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 64 лифт ауыстырылды. Ал биыл 100 үйге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, үйдің шатыры, қасбеті, кіреберістерімен қоса, инженерлік жүйелері де жаңартылады», – деді Алтай РАХЫМБЕТОВ.

Бостандық ауданында халықты Қолжетімді баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Биыл ауданда 130 үйді сүріп, орнына 99 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Өткен жылдың есебін тыңдаған тұрғындар да ауданда атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді. Әсіресе, аулалардың абаттандрылып, жолдардың жөнделгеніне жергілікті жұрт дән риза. Айта кетейін, 2018 жылы Бостандық ауданында 40 көшенің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аумағы 4,5 мың метрді құрайтын тротуар салынған. Және 7 жерасты және 8 жерүсті жүргіншілер жолы күрделі жөндеуден өтті.

«Немереммен серуендеп шыққанда «Орбита» ықшамауданындағы жолдардың жөнделгенін байқаймын. Тротуарлар мен аулалардың абаттандырдырылғанын байқамау мүмкін емес. «Орбита-1» ықшамауданында балаларымыз үшін мұз айдынын жасап қойды. Мұстафин, Науаи көшелері қандай әдемі! Қысқасы, ауданда жасалып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады», – дейді тұрғын Галина ПОТЕШКИНА.

Алтай Рахымбетов ауданда атқарылған игі істер биыл да жалғасын табады деді. Осы жылы жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу, Манас көшесін халықаралық стандарттарға сай абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Жүргіншілер үшін демалыс аймақтары көбеймек. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы 15 шақырым арық жүйесі жөнделген. Соның арқасында биыл көктемдегі жауын-шашын кезінде көшелерді су алу жағдайлары қайталанбайды деп сендірді аудан әкімі.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы