Алматыда қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері талқыланды

Алматыда қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері талқыланды
Конференцияда басқа тілде жүретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде қайта қайтару да сөз болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ әдебиетін оқытуда олқылық көп. Осылай деп мәлімдеген ғалымдар мен мұғалімдер бүгін Алматыда бас қосты. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жиналғандар орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебитін оқытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Джек Лондонның «Мексика ұлы» шығармасы төрт сағатқа берілген. Аталған шығармалар осыншама көп уақытты қамтитын көлемді туынды екенін бәріміз білеміз. Оларға берілген сағаттың санын азайту арқылы Махамбет, Абай, Мұқағали шығармаларын оқытсақ деген ұсыныс айтқым келеді», – деді Алматы қалалық әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Кәрима КЕРІМҚЫЗЫ.

Әлемдік білім стандарттарына толық сай келу жолында жасалынып жатқан реформаларда шек жоқ. Отандық білім саласына соңғы бірнеше жылдан бері сіңіп келе жатқан орта мектептердегі білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу мәселесі алғашқы орында тұр. 35 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беріп жүрген Мейрамгүл Барқазатқызың айтуынша жаңартылған жүйеде мәселе шаш етектен дейді.

«5 сыныптың деңгейіне қарай ертегілер, аңыздар және 6 сыныпта аңыздарды оқытып келіп, 7-8 сыныпта жыраулар мен тарихи жырларды оқыса, сосын 9,10,11 сыныпта классиктерге өтсе, балаға түсіну де, оқу да жеңіл болады. Осы жағы біздің қоғамда ескерілмей жатыр. Содан балалардың сөздік қоры аз, ойын жүйелі жеткізе алмайды», - дейді Алматы қаласы Д. Бабаев атындағы № 115 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі Мейрамгүл НҮСІПБЕКОВА.

«Баланың бойында белгілі бір дағды болса ол кез-келген көркем шығарманы талдауға үйренеді. Алайда қазір сол жұмыстарды жүргізуде бізде көптеген қиындықтар бар. Сол қиындықтарды шешудің жолын осы семинарда қарастырдық», – деді Алматы қаласы Ш. Смаханұлы атындағы №62 гимназияның мұғалімі Гүлмира РЫСКЕЛДИЕВА.

Мұғалімдердің айтуынша, жаңартылған жүйе қазақ тілі мен әдебиетінің сапасын төмендетуге алып келді екен. Себебі, жинақылық жоқ, оқушылар деңгейі ескерілмеген. Оқулықтардың сапасы да сын көтермейді. Қалтаның қамын ойлаған кәсіпкерлер дизайн, сапа мәселесіне мән бермейді дейді олар.  

«Енді ол орындалу бірден жүзеге аспайды, әрине. Бірақ ұсыныстарды нақты жеткізу керек. Мәселен, қайта қарайтын дүниелер бар. Бәрін жоққа шығару мүмкін емес. Ары қарай жетілдіріп отыруымыз керек. Жалпы оқулық деген, оқу үдерісі деген – жанды құбылысы. Ол үнемі жетілдіруді қажет етеді. Бір күннің, бір жылдың ішінде оны жоғары деңгейге жеткізу мүмкін емес», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан МАТЫЖАНОВ.

Конференцияда басқа тілде жүретін мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде қайта қайтару да сөз болды. Қатысушылардың басқа да ұсыныстары бір ауыздан мақұлданып, Білім және ғылым министрлігіне және басқа да тиісті орындарға жолданатын болды. 

Қуан Нұрақын, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров