Бүгін қазақ кинемотографиясы үшін қаралы күн
«Әдебиет – оң қолым, ал кино- сол қолым». Бұл бүгін ғана өмірден өткен талантты ұл, белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің сөзі еді. Қазақ өнерінің сан саласын өзара байланыстырған азамат расында кино, әдебиет, тарих жолында өзгеше сүрлеу салды. Ол отандық кинематографияға 13 туынды, 15-тен аса сценарий жазған адам. Ендігіде қалың көрермен Нарымбетовті оның қолтаңбасы қалған кинофильмдерімен еске алады, деп хабарлайды Almaty.tv
Өзі айтпақшы, өмір бойы таптаурыннан қашқан Сатыбалды Нарымбетов киносүйер қауымды сапалы туындыларымен байытты, қазақ өнерін әлемдік аренада әйгіледі. Оның бір ғана «Көзімнің қарасы» фильмі жер жаһанның айтулы фестивальдерінде жүлдені қанжығаға байлап, «Әлем киносындағы үздік фильмдер» тізіміне енген еді. «Өзіме ұнамды қасиетім –сенгіштігім. Адамға сене білуді парыз санаймын»,– деген азаматты бүгін аға-бауыр, жақындары аса қимастықпен еске алды.
«Сатыбалдының өнер мен әдебиетте орны жоғары, түсінігі мол еді. Ең бағалы жан. Өзі ақкөңіл, адамгершілігі мол, ешкімге зияны жоқ, мінезі жұмсақ, сондай... Жаны жайсаң, жақсы жігіт. Мұндай жігіттердің кеткені қабырғамызға қатты батты. Айналайын, інім Сатыбалды... Қош!», – деді КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Сатыбалды Нарымбетовтің әдебиет пен кинематографиядағы шығармашылығы қазақтың 70-80 жылға жуық тарихымен тығыз байланысты. Оның «Мұстафа Шоқай», «Аманат» атты фильмдерінің өзі үш дәуірді қатар өрген, заманның зар мұңын, тарихтың тамырын дөп басып берген туындылар болды. Режиссердің ерекшелігі де сол: ол өз ойын күштеп таңған жоқ. Әр фильмінің соңында көп нүкте қойып, ойланар сұрақ тастады.
«Ол кісінің арманы еді, мына Кенесары Қасым туралы, біздің қазақтың соңғы ханы туралы үлкен бір фильм түсіремін деп жүр еді, сценарийі дайын болатын. Көрдіңіз бе, ажал... Ол кісі енді біздің, киногерлердің есінде мәңгі қалады деп есептеймін, қалады да», – деді кинорежиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов.
«Ол біздің ағамыз ғана емес, біздің жолбастаушымыз еді, ұстазымыз еді. Ол кісінің алғашқы киноларын мен киноға келмей тұрып көргем. Кинолары ашық әрі күншуақты болатын. Ол кісінің сценарийі де өте жақсы болатын», – деді кинорежиссер, қоюшы-суретші Сәбит Құрманбеков.
Жоғарыда Сатыбалды Нарымбетовті «өмір бойы таптаурыннан қашқан жазушы» деген ек. Иә, сол мінезі оны өз ортасында ерекше етті. Ал, сол ерекшелік Нарымбетовтің ешкімге ұқсамайтын суреткерлік әлемін қалыптастырды. Бұл әлем қалың көрерменге айрықша туындыларды сыйлады. Қалай болғанда да, қазақ киноөнерінің мэтріне айналған азамат соңына өшпес із, мол мұра қалдырып кетті.