«Қазақ ханымы» байқауының бас жүлдесін 31 жастағы талдықорғандық келіншек жеңіп алды

04.11.2019 21:32

Айта кетелік, жүлде қоры 10 миллион теңге

Еліміздің көпбалалы аналарының мәртебесін асқақтату мақсатында ұйымдастырылған «Қазақ ханымы» халықаралық жобасы өз мәресіне жетті. Республика сарайында өткен байқауға – әулетінің абыройын асырып, беделін асқақтатқан, ұрпақ тәрбиелеп, салт-дәстүрді жетік білген келіншектер қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ халқының әдеп-ғұрпын дәріптеген халықаралық «Қазақ ханымы» байқауының ақтық сыны өтуде. Бұл байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 келіншек қазақтың салт-дәстүрі мен салт-санасы бойынша бақ сынасуда. Өскелең ұрпаққа берері көп бұл жобаның басты мақсаты - қазақтың ханымы атына лайық қазақ әйелін анықтау еді.

Байқауға қатысушылар қатарында екі балалы 20 жасар келіншектен бастап, жеті баланы дүниеге әкелген батыр анаға дейін бар. Жобаның басты талабы – тұрмысқа шыққан және екі, не одан көп перзенті болуы қажет еді. Бастапқыда үміткерлер ең алдымен бірдей әсем көйлек пен ақ орамал киіп, өздерін таныстырды.

«Қыз-келіншектерді ұлттық құндылықтарды білуге талпындыратын дүние ғой бұл. Енді, бұл жерде бір ғана кілтипан бар – барлығы малынып, қазақша киініп келді. Бірақ, соны сахнаға шығу үшін ғана, конкурстан өту үшін ғана киді. Олар күнде солай киініп жүрген жоқ қой», – дейді «Қазақ ханымы» халықаралық байқауы жобасының әділ қазылар алқасының мүшесі Зейнеп АХМЕТОВА.

Жалпы байқауға қатысуға әртүрлі жастағы 4000-ға жуық әйел өтініш білдірген. Бастапқыда жартылай финалға 50 келіншек өтіпті. Ал, ақтық сынға Қазақстанның әрбір қаласынан және көрші елдерден барлық саны 25 ана іріктелген. Бұған дейін қатысушылар тамақ дайындау, тоқаш пісіру және етті қазақ салты бойынша жасы үлкен қонақтарға тарту етуден сайысқа түскен. Ал, ақтық сында ханымдардың тек білімі мен өнері тексерілді.

«Алла берген алты балам бар. Көпбалалы анамын, күміс алқа иегерімін. Осындай қазақтың ханымдарын, әсіресе, үйде отырған ханымдардың дәрежесін көтеріп, міне, осындай бір керемет Республика сарайының төріне шығару – бұл бір ғанибет дер едім», – дейді «Қазақ ханымы» халықаралық байқауы жобасына қатысушы Сымбат ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ.

Байқау этаптары бойынша әрбір қатысушы өз өнерлерін қалың көрерменге тарту етіп, жарысқа түсті. Атап айтсақ, халық әндерін нақышына келтіріп орындап, би биледі, музыкалық аспаптарда ойнап, театрландырылған көрініс те қойды. Асыл аналарымыздың дәрежесін көтеру арқылы қазақ отбасыларының мәртебесі көтерілмек дейді ұйымдастырушылар.  

Көпбалалы аналарды алғаным – жоба ешнәрсеге ұқсамайтын ерекше болсын деген ниет. Өйткені, олар ана ғой. Хан да, қара да анадан туады. Сондықтан аналарды қолдау, демографияны көтеру мақсатында өсіп келе жатқан келешек ұрпақ дүбәра болмасын, ұлттық дүниемізді, салт-дәстүрімізді көріп, біліп өссін дедік», – деді «Қазақ ханымы» халықаралық байқауы жобасының директоры Ержан АЙТҚАЛИ.

Сайыс барысында әділқазылар алқасы 25 қатысушының ішінен жеңімпазды анықтау үшін 10 келіншекті таңдаған болатын. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені 31 жастағы үш баланың анасы талдықорғандық Маржан Алтыбаева қанжығасына байлады. Ал, бірінші орынды Баян Мұсаева еншілесе, екінші орын Жанар Қадыроваға, үшінші орын Гүлнар Жайыққа бұйырды. Айта кетелік, жүлде қоры 10 миллион теңге.

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.