Алматыда азық-түлік себеті кімдерге берілді

03.07.2023 21:33

Қайырымдылық шараны ҚХА қарасты Әзербайжан қауымдастығы ұйымдастырды

egemen.kz

Алматыда мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасы мен аз қамтылған жанұяларға көмек көрсетілді. Қайырымдылық шараны ҚХА қарасты Әзербайжан қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азық-түлік салынған себетте ет, ұн, май, күріш сынды күнделікті тұтынатын қажетті өнім бар. Ол қаладағы «Аяла» арнаулы әлеуметтік орталығының тұрақты қызмет алушыларына берілді.

– Бұл іс-шараны алғаш рет ұйымдастырып отырған жоқпыз. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарды мереке сайын құттықтап, жылы лебіз білдіруге тырысамыз. Бүгін 30-дан астам отбасыға әлеуметтік маңызы бар тауар салынған себет тараттық. Игі іс жалғаса береді, – деді ҚХА Әзербайжан қауымдастығының Алматы қаласы бойынша төрағасы Гахраман Садиев.

«Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Алмалы ауданында орналасқан. Бүгінде 1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі тірек-қимылы бұзылған 230-дан астам бала тұрақты қызмет алады. Одан бөлек, ерекше жандарға психоневрологиялық көмек те көрсетіледі.

– Мен сіңілімді бұл жерге 7 жылдай болды тұрақты әкеліп жүрмін. Бұрын анам әкелетін, қазір мен әкелемін. Осы жерде біз түрлі қызмет аламыз. ЛФК, массаж, спорт түрлері, логопед, сурет салады, компьютермен өлең айтады. Барлық жағдай жасалған, келмей қалсақ халімізді сұрайды, – деді қала тұрғыны Жазира Құлиева.