2020 жылы Алматыда қылмыс деңгейі 47,8 пайызға төмендеген. Көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық 4 есе азайыпты. Мұндай көрсеткіштерді өзінің есепті кездесуінде қаланың бас полицейі айтты. Онлайн форматта өткен халыққа есеп беруі кезінде Қанат Таймерденовке әлеуметтік желі, телефон, Zoom байланыс арқылы 80-ге жуық сұрақ келіп түскен. Арнамыздың тікелей эфирінде сол сауалдардың 20-сынан астамына жауап берілді. Жолданған сұрақтардың дені неге қатысты? Қала тұрғындарын қандай мәселелер мазалайды? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі жалғастырады.
Қаламыздың бас полицейіне Zoom арқылы бірінші болып Әуезов ауданы «Ақсай -1» ықшам ауданының тұрғыны хабарласып, үйлердің арасындағы кішігірім көшелерден автокөліктердің үлкен жылдамдықпен жүретініне алаңдаушылық білдірді.
«Яссауи мен Төле би көшесінің қиылысында кептеліс болған кезде көптеген автокөліктер 29-үй мен 31-үй арасында переулок бар, сол көше арқылы үлкен жылдамдықпен өтеді. Көптеген тұрғындар бала-шағасымен жүреді. Сол жерге «лежачий полицейский» қоюға болады ма?» – деп сұрады.
«Сіз айтқан учаскені барып тексеріп, ол жерге белгі қою мәселесін қараймыз. Жол ережесіне байланысты біз сол жерге қатысты әкімдікке нұсқама береміз. Жол кептелісінің болмауы, азаматтардың жол апатына түспеуіне байланысты осындай шара қолданыңыз деп орысша айтқанда «предписание» береміз», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Түрксіб ауданы «Жас қанат» ықшам ауданы тұрғыны тікелей эфирге қоңырау шалып, өзі тұратын мекенжай бойынша қосымша рейд жүргізуді сұрады.
«Мына 2 қабатты үйлердің ар жағында бізде өзен бар. Сол өзенде қысы-жазы топтырлап адамдар жиналып отырады, сол жерде жастар жиналады, арақ ішеді. Сол маңға рейд жүргізсе болады ма?» – деп сұрады тұрғынның бірі.
«Түрксіб ауданы полиция басқармасының бастығы осы тікелей эфирді қарап отыр. Осы сұрақты мен сол кісіге жіберем. Сол сұрақтың шешімін жаз мезгілінде сол маңға қосымша жасақ жіберіп, басқа да іс-шаралар қолдануға сендіремін», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Жалпы былтыр барлық бағыттар бойынша қалада қылмыс 48 пайызға дейін төмендеген. Оның ішінде аса ауыр емес және ауырлығы орташа заң бұзушылықтар 2,5 есеге қысқарыпты. Көшелерде және қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 4 есе азайған.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, Алмат Ілиясов, «Алматы» арнасы
ГРАФИКА-1. ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ
2020 жылы 47,8% төмендеді
- зорлау қылмыс 59,1%
- бөтен мүлікті ұрлау 59,2%
- алаяқтық 18,6%
- тонау 55,3%
- қарақшылық 50%
- бұзақылық 55,5% қысқарған.