Елімізде коммуналдық қызмет ақысы қымбаттай ма

12.07.2023 21:33

Баға кезең-кезеңімен көтеріледі

elements.envato.com

Қазақстандықтар шілде айының соңынан коммуналдық қызметке қымбаттаған тарифпен төлем жасай бастайды. Су, жылу, кәріз жүйесі және жарықтың бағасы шамамен 20-30 пайызға өседі. Бүгін Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құнның қаншалықты көтерілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәселен, 2 бөлмелі пәтерде тұрсаңыз, жарыққа 660 теңге қосылады. Су 200 теңгеге, жылу 1620 теңгеге, ал кәріз жүйесі 220 теңгеге қымбаттайды. Бірақ баға кезең-кезеңімен көтеріледі. Ал  әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар әкімдікке жүгініп, тарифті арзан төлеуге мүмкіндік ала алады.

– Өтінімді онлайн арқылы немесе қағазбен әкімдікке жіберуге болады. Әр отбасы осындай критерийге сәйкес келсе, жеңілдік ала алады, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ал Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, тарифтен түскен қаражат инвестордың ақшасын қайтаруға кетеді. Яғни, Үкімет тапқан қаржыландырушы өз қалтасынан қаражат шығарып, энергетика нысандарды жөндейді екен. Ал оның салған ақшасы тарифтен беріліп отырады.

– Біз инвестициялық бағдарлама тариф арқылы өтеледі деп ойлаймыз. Акционерлер де жауапкершіліктен құтылмайды. Авариялық жағдайға жеткен нысандардың басшылығына оны қалпына келтіру керек деп талап қойдық. Олар мұнымен келісіп отыр. Инвестиция алдымен жағдайы өте нашар нысандарға тартылады. Сәйкесінше, сол аумақта тариф қымбаттайды, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.