Jas Otan жастар қанаты Алматыда жаңадан салынған студенттер жатақханасына мониторинг жүргізді

24.11.2020 21:33

Бұл шара «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында қолға алынып отыр

Jas Otan жастар қанаты Алматыда жаңадан салынған студенттер жатақханаларына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл шара «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында қолға алынып отыр. Арнайы топ Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы мен Каспий университетіне қарасты студенттер үйіне бас сұқты. Олар нысандардың жағдайымен танысып, қысқы маусымға дайындығын тексерді.

«Біз осы жерде былтырғы 2019 жылдың қазан айынан бастап істеп келеміз. Елбасының тапсырмасы бойынша жатақхана салып жатырмыз. Тапсырыс беруші – Қонаев университеті. Осы жерде қазір 100 орындық жатақхана салынып бітті», – деді мердігерлік компанияның директоры Ердәулет Тәжібаев.

Айта кетейік, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан бойынша 2023 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салу жоспарланған.

«Бағдарламаның толыққанды орындалмай қалуы мүмкін. Қауіп бар. Неге десеңіз, жалпы қаламыз бойынша университеттер келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жерде Білім және ғылым министрлігі қаржы орталығымен бірге бұл мәселені қайта көтері, тез арада шешуі керек деп ойлаймын», – деді Jas Otan жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Мәди Ахметов.