ҚР Қарулы күштерінде алғашқы ПТР-зертхана пайда болды

almaty.tv
almaty.tv
ПТР-зертхана небәрі 6 сағатта әскерилердің денсаулығына баға бере алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғашқы ПТР зертханасы пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңадан ашылған орталық әскерилерден тек COVID-19 вирусын ғана анықтап қоймай, инфекциялардың өзге де түрлерін тестілеуге мүмкіндік береді.

Небәрі 6 сағатта әскерилердің денсаулығына баға беретін заманауи ПТР-зертхана Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық орталығында орналасқан. Онда 9 маман қызмет етеді. Қалыптасқан жағдайда Алматы қаласы үшін бұл маңызды оқиға.

«Өте қуанышты жаңалық деп түсінеміз. Сондықтан бүгіннен бастап еліміздің Қарулы Күштеріндегі әр жауынгер өз денсаулығын осы ПЦР лабораториясында  тексеруге болады деген мәселе бұл. Осы жақсы жаңалықпен баршаңызды құттықтаймын», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Елде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, Қарулы Күштердің жеке құрамы коронавирусқа қарсы барлық шараларға белсенді ат салысқан болатын. Тұрғындар арасында вирустың жайылып кетпеуі мақсатында блок-бекеттерді күзетіп, дезинфекция, қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалау сияқты маңызды жұмыстар атқарды.

«Бұл орталық ашылмай тұрып, әскери қызметкерлер тұрғындар тексерілетін зертханаға тест  тапсыратын. Енді әскери  базада алғашқы болып ашылған бұл орталық қызметкерлерден вирусты ерте әрі аз уақытта анықтауға мүмкінідік береді», – деді ҚР Қарулы Күштерінің санитарлық-эпидемиологиялық орталығының басшысы Нұрлан ҚАДЫРМАНОВ.

«Қала әкімдігінің көмегімен аз уақыттың ішінде адамда коронавирустың бар-жоғын анықтайтын зертхананы  Қазақстанның Қарулы Күштеріне бердік. Бұл орталық күніне 280-ге дейін сараптама жасауға мүмкіндік береді»,  – деді кәсіпкер Ержан ӘБДІҚАДЫРОВ.

Орталықта 13 бөлме бар. Алдағы уақытта мамандар 2 ауысымда жұмыс жасайды. Ал, әскерилерден талдама алу жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілмек.

Коронавирусқа күдікті әскери қызметкердің мұрын қуысынан және жұтқыншағынан алынған жағындыны орталықтың бірінші боксында тіркейді. Келесі кезеңде қызметкерлер сараптаманы алып, арнайы мамандарға беріп, биоматериал зарарсыздандырылатын болады. Алынған дайын материалды мынадай Оңтүстік Кореядан әкелінген аппараттың ішіне салып, вирустың РНК-сын бөліп алады. Зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру үшін шлюз терезесі арқылы келесі бөлмеге жіберіледі.

Жалпы қазір Алматыда коронавирусты анықтайтын 7 орталық істеп тұр. Соңғы мәлімет бойынша қалада 91 мыңнан аса тест жасалды. Ал әскери зертханада, одан бөлек аса қауіпті саналатын 20 вирусты анықтауға мүмкіндік бар екен.  

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы»  телеарнасы

Новости партнеров