«Бақытты отбасы» орталығының жанынан әлеуметтік үй ашылды

«Бақытты отбасы» орталығының жанынан әлеуметтік үй ашылды
Өткен жылдың 8 айының өзінде орталыққа 6000-нан астам отбасы жүгінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Онда тұрғын үй алуға немесе жалдауға жағдайы жетпейтін көпбалалы отбасылар тұрады. Әзірге, мұндай көмек үш жанұяға көрсетілді.Онда олар жарты жыл ғана тұра алады. Орталық өкілдерінің айтуынша биыл тағы бірнешеуін ашуды жоспарлап отыр. 

Индира Әбдіғаниева 24 жаста. Жалғызбасты ана бүгінде екі баланы тәрбиелеп отыр. Ол осында тұрып жатқан үш отбасының бірі. Тағдырдың тауқыметімен осындай жағдайға душар болдым дейді. Алға қойған мақсаттары да айқын. Кәсіп ашуды көздейді.    

«Кондитерлік цех. Кондитерге жақынбыз. Өзіңнің қолыңнан бірнәрсе пісіріп, соны әрі қарай алып кетсек дейміз», - деді әлеуметтік үйдің тұрғыны Индира ӘБДІҒАНИЕВА.

Барлық отбасыға орталық мамандары жарты жыл ішінде оларға тұрақты жұмысқа тұруға және құжаттарын реттеуге қол ұшын созады. Орталықтағылардың айтуынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды уақытша баспанамен қамтамасыз ету үшін аранйы бағдарлама әзірленбек.    

«Үйдің иесі «менің үйім бар, осындай әйелдерге беремін» деп айтты. Өзім көпбалалы анамын. Өмірде көп қиыншылық көргенмін. Сол үшін мен ол әйелдерді түсінемін.  Осы тұста біз бағдарлама әзірледік. Ол тек біздің «Бақытты отбасы» емес, әкімшіліктің бастамасы. Себебі, мемлекеттің көмегінсіз ешқандай бағдарлама жүзеге аспайды», - деді Медеу ауданы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.

Өткен жылдың сегіз айдың өзінде орталыққа 6000-нан астам отбасы жүгінген. Оларға 8000-нан астам көмек көрсетілді. Оның қатарында, түрлі бағытта кеңес берумен қатар, жұмысқа орналастыру және өз кәсібін ашуға мүмкіндік беру бар. Кәсіп ашу демекші, 2019 жылы бірнеше жан қайтарымсыз грантқа ие болған еді. Алайда мұндай шарапатты көре алмағандардың арасындағы басты проблема тұтынушылық несиенің уақытылы төленбеуінде.             

«Былтыр осы бір ғана басты кеңседен 72-ден астам көпбалалы отбасы грантқа ие болды. Бұл үрдіс биыл да жалғасады деген сенімдеміз. Біздің ендігі бағытымыз орталыққа келушілердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Осы ретте бірнеше курстарды қолға алғалы отырмыз», – деді «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының» директоры Зульфия БАЙСАКОВА.

Одан өзге, «Бақытты отбасы» орталығының жанына биыл демеушілердің көмегімен аспаздық және бірнеше тігін цехі мен тағы 7 әлеуметтік үй ашылады деп жоспарлануда.

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров