Күнделікті тұтынатын заттарды шығаруға 1 триллион теңгеден асатын 1500-ге жуық жоба келіп түскен
Ел тұрғындарына күнделікті қолданатын заттарды өндіруге 41 миллиард теңге бөлінеді. Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 92 жобаны мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде бизнес өкілдерінен қазақстандықтардың күнделікті тұтынатын заттарын шығаруға бір триллион теңгеден асатын 1500-ге жуық жоба келіп түскен. Қазір ол жобаларды банктер тарапынан қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр. Жеңілдетілген несиемен өз кәсібін жандандырып, халыққа керек өндірістік тауарды шығарам деушілер Ақмола, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында өте белсенді. Керісінше Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласының бұл бағыттағы жұмысы баяу.
«Тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны екі есеге артты. Негізгі несиеленген жобалар азық-түлік өнімдерін (6,6 млрд теңге), қызметтерді (11,1 млрд теңге), агроөнеркәсіптік кешенін (4,2 млрд теңге) және жеңіл өнеркәсіпті (2,7 млрд теңге) қамтыды. Мақұлданған 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды, 63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2000 жұмыс орнын құрайды», – деді ҚР Премьер- министрінің бірінші орынбасары
Жеңіс ҚАСЫМБЕК.