Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау барысында ЕҚЫҰ бақылаушылары жұмысын бастайды

09.12.2020 21:34

Тараптар бүкіл сайлау кезеңінде белсенді өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау барысында Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары жұмысына кіріседі. Миссияның басшысы, Елші Ярослав Марчин Домански қазақстандық тарапқа қабылдағаны үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тараптар бүкіл сайлау кезеңінде белсенді өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты. Сонымен қатар Қазақстандағы сайлауда қандай жайттарға ерекше назар аударылатыны айтылды. 

«Сайлау небәрі бір күннің ішінде өте шығатын іс-шара емес. Өйткені, сайлауға дейін және сайлаудан кейін де орын алатын процестер бар. Олар сайлау процесінің барынша маңызды бөлігі саналады. Міне, осыған орай біз миссиямыздың аясында аталған процестердің барлығын қамтитын боламыз. Бұл миссия Қазақстандағы сайлауларды байқау жөніндегі 11-ші шектеулі миссия саналады», – деді ЕҚЫҰ байқаушылары миссиясының жетекшісі Ярослав Домански.