Алматыда табиғат аясында рұқсат етілмеген жерде от жаққандар анықталды

22.06.2022 21:35

90 мың теңге көлемінде айыппұл салынады

Almaty.tv

Алматыда табиғат аясында рұқсат етілмеген жерде от жаққандар анықталды. Медеу аудандық ТЖБ қызметкерлері мен еріктілер және тәртіп сақшылары орман өртінің алдын алу мақсатында Мұзтау мен Алма-Арасан шатқалдарында рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нәтижесінде ережені елемеген 5 адамның іс-әрекеті әшкереленіп, оларға ескерту ретінде хаттама толтырылды. Егер осы жағдай 1 жыл ішінде қайталанса, 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.  

«Қазіргі таңда сенбі, жексенбі және мереке күндері арнайы мобилді топ құрылады. Осы уақытқа дейін орман өртінің алдын алу бойынша жұмыстар атқарылып келді және әрі қарай да жұмыстар жалғасады», – деді Медеу аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еламан Ешмағанбетов.

Медеу ауданында орман өртінің алдын алу мақсатында 50-ден астам рейд жүргізіліп, 28 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. 20 мыңға жуық адам қауіпсіздік ережелерімен танысқан.

«Құрметті алматылықтар, қоршаған ортаны таза ұстайық. Өрттің және тағы басқа төтенше жағдайлардың алдын алайық», – деді ерікті Аруна Сағынтаева.