2400 метр қашықтықты жүгіруге 2 мыңға жуық салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты
Қайырымдылық жасау - ізетті іс. Көмекке мұқтаж науқас балалардың өмірін құтқарып қалу әрбір азаматтың қолынан келетін жомарттылық. Осыған орай Алматы қаласында 5 қазан күні қайырымдылық марафоны өтті. «Адал жүрек» акциясын Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Алматы қаласы әкімдігі және «Almaty Sports» әлеуметтік жобасы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республиканың әрбір қаласында жүргізіліп жатқан қайырымдылық марафоны сенбі күні еліміздің оңтүстік астанасындағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағында» өтті. Саябақ ішіндегі 2400 метр қашықтықты жүгіруге 2 мыңға жуық салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты.
Олардың ішінде мектеп оқушылары, студенттер, бизнесмендер, профессорлар және қоғам қайраткерлері де бар. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым халықтың санасында дұрыс көзқарасты қалыптастыруда жастармен тығыз жұмыс жасап жатқандығын алға тартты.
«Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің негізгі мақсаты - білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жеңуге көмектесу және осы өскелең ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру болып табылады. Сондықтан біз күнделікті студенттермен, жастармен жұмыс жасаймыз. Соған байланысты осы қайырымдылық марафонына жас біздің азаматтарды қатыстыруға көмектестік», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан ТОҚУШЕВ.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмектесу мақсатында «Балаларға өмір сыйла» жобасы арқылы 1783 баланың өмірі құтқарылған. Ал, осындай мерекелік іс-шаралар, қайырымдылық жасау арқылы қорға 3 жарым млрд жиналған.
«Балаларға өмір сыйла" жобасында біз диагнозы Қазақстанда емделуге келмейтін, тек шетелде ғана емдеу қажеттілігі бар науқас балаларға көмек көрсетеміз. Бірақ, бақытымызға орай, елімізіде мұндай науқас балалар көп емес. Әрдайым белгілі бір уақытта сайтымыздың қайырымдылық қорында 60-70 балаға арналған ақша жиналады. Сондықтан, біз балаларға көмектескендердің барлығына үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді «Дом» қоғамдық қорының директоры Аружан САИН.
Аружан Саинның айтуы бойынша әрбір азамат смс арқылы немесе банк карточкасына ақша салу арқылы науқас балалардың өмірін құтқарып қалуға ат салыса алады және өздерінің аударған ақшаларын сайт арқылы кімге, қашан және қай уақытта жібергенін қадағалап отыруға мүмкіндік бар. Марафонға қатысуға келгендер мұндай шараның денсаулық үшін де, сауап үшінде үлкен іс екенін айтады.
«Барлық адалдық осы деннің саулығының бастауында. Дені таза, тәні таза азаматтардан таза қоғам құрылады», – деді қатысушылардың бірі.
«Популяция жақсы болды. Өйткені, көп адамдар қатысты, өздерінің балаларымен келіп жатыр және олардың болашақта спортқа деген құштарлығын оятады», – деді келесі бірі.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы