Елімізде нан қымбаттауы мүмкін

30.09.2019 21:35

Себебі күн күрт суытуына байланысты диқандар ала жаздай баптаған бидайын қамбаға құя алмай отыр

Әсіресе, Солтүстік өңірлерде астық толығымен жиналып бітпеген. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Күн райының күрт суытып, толассыз жауған жаңбырға байланысты диқандар ала жаздай баптаған бидайын қамбаға құя алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Ал, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында астық бітік шыққан. Тек Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстары орақ науқанын аяқтаған. Республика бойынша гектарына 11,5 центнерден өнім алынуда деді вице-министр. Алайда, өнімділік төмен болғандықтан, экспортқа шығатын астық көлемі де аз болмақ.

«Экспортты алдын ала жоспарлау қиын. Барлығы 17 млн. тонна жинаймыз. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда экспортқа шығатын өнім аздау болады. Өйткені жалпы өнім көлемі төмен. Сондықтан жобамен 6-7 тонна жібереміз», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ.

Ал, астықтың өткен жылдарға қарағанда түсімі төмен болғандықтан вице-министр нан бағасы қымбаттауы мүмкін деген жорамалға қатысты да пікір білдірді.

«Жалпы егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Әлі 20 пайыз жинау керек. Бүгін нан қымбаттайды деп айту ертерек. Нан бағасы әзірге тұрақты. Қымбаттаса да аздап қымбаттар», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ.