Айдың-күннің аманында Маңғыстаудағы 50-ге жуық отбасы бір аптадан бері ішерге су таппай, шөлден кеуіп отыр. Атамекен ауылындағы жұрт құрылыс мекемесінің жер астына құбыр төсеу үшін су келіп тұрған желіні кесіп кеткенін айтады. Соның салдарынан көпшілік тіршілік нәріне зар болып қалған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Көшеге құбыр жүргізу үшін қазу жұмыстары барысында техника ауыз судың құбырын кесіп кеткен. Соның салдарынан тұрғын үйге келетін су көшеге ағыпты. Мердігер мекеме өз жұмысына салғырт қарағандықтан, ауыл тұрғындары енді бір аптадан бері ауыз сусыз отыр.
«Мінекей, дренаж қоямыз деп жолдың бәрін қазды. Ол дренаждың бізге не қатысы барын білмейміз. Бір метр етіп қазған құбырдың бәрі бетіне шығып тұр. Құбыр бетінде тұрса, не үшін 1 метр қылып қазды? Енді біз не істеуіміз керек? Судың тұрысы мынау», - дейді Атамекен ауылының тұрғыны Замира Сарбаева.
Құбыр төсеу жұмыстары - жерасты суын көлге құю үшін жасалып жатқан шаруа. Бас-аяғы екі шақырымдық жұмысқа жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлінген.
«Тапсырыс беруші және осы ауылдық округтың әкімі ретінде тұрғындармен кездесіп, мердігер мекеме мен тұрғындар арасында кепіл бола аламын. Апта соңына дейін кемшіліктердің барлығы жойылып, мердігер компания тарапынан қалпына келтіру жұмыстары толықтай жүзеге асырылатын болады», - деді Атамекен ауылының әкімі Ерлан Қайнаров.
Мәселе көтерілген аумаққа мердігер мекеме өкілі мен ауыл әкімі де келді. Жауаптылар құбыр жүргізу жұмыстары аяқталған соң, көше жолдарын да ретке келтіріп береміз деп уәде берді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Павлодарда 4 жұмысшы газдан уланып қалды