Алматы ЖЭО-2 газға көшіріледі

Сурет: Аlmaty.tv
Сурет: Аlmaty.tv
Нысанды газ инфрақұрылымына ауыстыру жұмысының І кезеңі аяқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы 2-жылу электр стансасы газға көшіріле бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

16 қарашада нысанды газ инфрақұрылымына ауыстыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы қазандық агрегаттарын қайта құру арқылы қоршаған ортаға күкірт тотығы мен күлдің бөлінуін және көмірқышқыл газының мөлшерін едәуір азайтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Алматы қаласына жұмыс сапарымен келгенде мегаполистегі ауаның ластануы алаңдатып отырғанын айтқан еді. Сондай-ақ ел Президенті шаһарда жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайтынын тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды.

Стансаны іске қосуға арналған салтанатты іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қатысты. Жиында сөз алған әкімдік өкілдері бұл игі бастама Алматы мен Алматы агломерациясының экологиясын жақсартып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырады деді.

– Біз 2030 жылға дейін қаланың өнеркәсібі мен жеке секторын  газға көшіруді көздейміз. Тиісті жоба қаланы дамыту бағдарламасында және Алматының жаңартылған Бас жоспарында қарастырылған, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

– Бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары үшін маңызды күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаетың тапсырмасының аясында Алматыдағы 2-ЖЭО арналған автоматты газ тарату құрылысының аяқталуы біз үшін бір сәтті күн деп есептеймін, - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Жылыту маусымында 2-жылу электр стансасы жыл сайын шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, шамамен 660 мың тонна күл шығарады екен. Ал орталық табиғи газға көшірілсе, 2026 жылға қарай зиянды қалдықтың көлемі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендеуі мүмкін.

– Алматы жылу электр орталықтарын газға көшіру мәселесі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі  үлкен нысандарда құрылыс нысандарын жүргізіп, іске қосу. Бүгін үш нысанды бітіріп, іске қостық. Осы орайда осы командаға, Алматы облысының әкімдігіне, Алматы қаласының әкімдігіне, «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына алғыс білдіреміз, - деді «Qazaq gaz» ҰК басшысы Санжар Жаркешов.

Газ жүргізу жұмыстарының бірінші кезеңінде екі автоматтандырылған газ тарату стансасының құрысы аяқталды. Сондай-ақ «Батыс жылу кешені» автоматтандырылған орталығына жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Айта кетейік, бұл нысан Алматы индустриялық аймағына газ жеткізіп, ондағы ірі өнеркәсіптік және өндірістік бизнес-жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

– Алматы қаласының индустриялық аймағын және Алматы Батыс жылу кешенін газбен қамтамасыз етуге арналған автоматтық газ тарату стансасы. Оны 2016 жылы әкімдік салған. Бірақ содан бері қосылмаған. Ұлттық компания қолға алып, жөндеу жұмыстарын жасап, бүгін іске қосты, - деді «Qazaq gaz» ҰК басшысы Санжар Жаркешов.

Сонымен қатар бірінші кезеңнің аясында «Алматы-Байсерке-Талғар» және «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырларын біріктіретін жалғастырғыш құбырлардың құрылысы аяқталды. Бұл газ құбыры Алматы Жылу электр орталығын ғана емес, Алматы және Алматы облысының тұрғындарын да тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

– Екі магистральды құбырдың арасын жалғастырғыш құбыр. Мұның қуаттылығы 1 млн текше метр сағатына беретіндей мүмкіндігі бар. Өйткені заманға сай жаңа технология орнатылған. Қазір жұмыстар толық бітіп тұр, - дейді «Интергаз орталық азия» АҚ «Алматы» магистральдық газ құбыры басқармасының директоры Руслан Сүйіндіков.

Айта кетейік, газ тарату стансасы мен жалғастырғыштарды іске қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары мерзімінен екі ай бұрын аяқталды. Болашақта салынатын  «G4 City» жобасын да газбен қамтамасыз ету көзделеді.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жеке инвестициялар 10,9% - ға өсті


Новости партнеров