Алматының тағы үш көшесінде жаяу жүргіншілерге басымдық берілмек. Алматы әкімі Бауыржан Байбек қайта жаңғырту жұмыстары басталған Достық даңғылы және Байсейітова мен Жібек жолы көшелерін аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жөндеуден өтетін көшелерде экологиялық тротуар плиткалары, энергия жинақтаушы жарық көздері, спорт және балалар алаңдары болмақ. Сондай-ақ, кіші сәулет пішіндері мен көше жиһазы да орнатылмақ. Қайта жаңғырту «Қала адамдар үшін» концепциясы аясында болғандықтан, барынша халыққа жайлы болуына аса мән беріледі. Сондықтан, қала басшысы барлық құрылыс жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Және, тағы бір айта кетерлігі, биыл құрылысқа қажетті материалдарды отандық компаниялар дайындаған.
«Жаяу жүргіншілер жағын тартымды етіп жасаймыз. Адамдар серуендейтін, демалатын жер болсын дегеніміз ғой. Алғаш мұндай жұмыстар Панфилов көшесінен басталды, сосын Жібек жолы болды. Бүгінде плитка шығаратын фабрикалар қалада бар. Бірнеше жұмыс істейтін орын табылды», – дейді Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан АХМЕДЖАНОВ.
Бұдан бөлек, ғимараттардың барлық кіре берістері бірыңғай стильге көшіріледі. Жасыл желектің саны артып, тағы қосымша ағаштар отырғызылады. Оған қоса, суарудың автоматты жүйесі тартылып, ескі арықтар ауыстырылмақ. Айтпақшы, адамдарға кедергі келтірмеу үшін жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алдымен көшенің бір жағы, содан кейін екіншісі жөнделеді.