Видео әлеуметтік желілерге туыстар тобынан таралған
23 жастағы Алматылық Бекарыс Әлімнұр кейуанаға таксиде қалдырылған 1,5 млн теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын қайтарып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
19 қыркүйек күні Бекарыс Әлімнұр Алматыда екі қарияны үйіне алып барған. Кейінірек жас жігіт жолаушылардың ақшасы мен құнды әшекейлері бар шабадан қалдырып кеткенін көрген. Кейуананың реакциясын түсірген видео әлеуметтік желілерде таралды.
«Онда 1,5 миллион теңге және алтын бұйымдар болды. 11 күн бойы осы заттардың иесін іздедім. Көрсетілген мекенжай бойынша келіп, барлық көршіден сұрадым. Іздеу нәтижесінде бүгін таңертең иесін тауып, ақша мен бұйымдарды қайтардым. Менің ойымша, егер бүкіл адам осылай жасаса, еліміздің болашағы жарқын болар еді. Ата-анам бірден «ақшаны қайтару керек» деді, кей достарым мен таныстарым «өзің жұмсасаңшы» деген ойларын айтты. Ақшаны иесіне бергеніме қуаныштымын», – дейді 23 жастағы жігіт.
Алматылықтардың айтуынша, әйелдер ақшадан үмітін үзген.
«Әжейдің өзі ол жерде қанша ақша болғанын білмейді екен. Шамасы, емделуге жинаған болар. Қуаныштан әжей мені қатты құшақтап алды. Тіпті біраз жылады. Әжей алғыс ретінде маған ақша ұсынды, бірақ мен бас тарттым, ештеңе алмадым. Ол кісі мені 10 рет шайға шақырды», – дейді ол.
Оның айтуынша, видео әлеуметтік желілерге туыстар тобынан таралған. Видеоны әпкесі түсіріп, «Туыстар» тобына жіберген. Жігіт бұл оқиға туралы өзгелердің білгенін қаламағанын айтты.
«Мен оның түсіріп тұрғанын білмедім. Содан кейін ол видео туыстардың тобына жіберілген еді, кейін таралып кетіпті», – дейді жігіт.
Бекарыс Әлімнұр техника-экономикалық колледжде оқыған. Қазір жиһаз компаниясында менеджер болып жұмыс істейді. Бос уақытында такси жүргізушісі болып қосымша ақша табады.