Елімізде газ саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр

23.03.2022 21:36
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде газ саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, саланы «қайта жүктеуге» бағытталған Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуде», - делінген ҚР Энергетика министрлігі мәліметінде. 

Кешенді жоспар жобасында мынадай іс-шаралар қамтылған: 

1. Геологиялық барлау, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған және жаңа кен орындарында газ өндірудің жаңа жобалары есебінен газдың ресурстық базасын ұлғайту. 2. Министрлік газға баға белгілеудің жаңа моделі бойынша жұмыс жүргізуде, мұнда қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігі және коммерциялық тұтынушылардың бағасын нарықтық баға деңгейіне дейін көтеру ескерілуі тиіс. 3. Негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымы негізінен Кеңес заманында салынған және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін қомақты инвестицияны қажет етеді. Газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйіне техникалық аудит жүргізу, сондай-ақ қаржыландыру көздері мен инвестицияларды қайтару тетіктерін айқындау қажет. 4. Тұрақты газдандыруды жалғастыру үшін газдандырудың бас схемасы өзектендіріледі, газдандыру нысандарын ұлттық оператордың теңгеріміне беру қағидалары жеңілдетіледі.

«Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған шараларды қабылдау 2030 жылға қарай: тауарлық газ өндірісін 42 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға, газ инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, баға белгілеудің қажетті моделін белгілеуге, елді газдандыруды 65% - ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірілген ведомство ақпаратында.