Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: қанша қазақстандық репрессияға ұшыраған

30.05.2024 21:36

Жабық қорлардан 688 мыңнан аса іс пен 48 мыңға жуық есепке алу картасы табылды

Almaty.tv

«Бір ғана қылмыстық құжаттың ішінде бірнеше адамға қатысты іс қозғалған». Репрессия жылдары жазықсыз жала жабылып, жер жастанғандарға тиісті 700 мыңға жуық материал болса, оның тек біреуінде ғана 20-ға жуық адамның жапа шеккені көрсетілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік жылдары атылып кеткен ақтаңдақтарды ақтау ісі басталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты алғашқы заң 1993 жылы қабылданғанымен, шаруа баяу жүрген. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының пәрменімен комиссия құрылып, былтыр ғалымдар жұмысын аяқтады. Нәтижесінде жабық қорлардан 688 мыңнан аса іс пен 48 мыңға жуық есепке алу картасы табылды. Қазіргі таңда бұл материалдар 72 томға жүктеліп отыр.

– Мемлекеттік комиссияның аясында 52 том құжат жинағы жарық көрді. Оның ішінде алаш зиялыларына, репрессияға, дін басыларын қудалауға, босқыншылыққа, байларды тәркілеуге, әскери тұтқындарға байланысты, зиялы қауым өкілдеріне қатысты жарық көрмеген материалдар шықты, – деді тарихшы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Шәмек Тілеубаев.

Зерттеулердің арқасында 2 миллион 600 мыңнан астам құжаттан «құпия» белгісі алынды. Десе де құпиясыздандырылмаған материалдар баршылық. Бұған дейін 125 мыңға жуық қазақстандықтың репрессияға ұшырағаны айтылып келсе, қазір олардың саны 400 мыңнан асқаны анықталған. Өйткені комиссия мүшелері зерделеген бір ғана қылмыстық істе ондаған адамның құрбан болғаны жазылған. Осылай үш жылғы шаруа нәтижесінде тағы 311 мыңнан аса азамат толық ақталыпты. Ендігі міндет халқы үшін қан кешкен бабаларымыздың есімін ұлықтау.  

– Олар қазақ үшін құрбан болды. Мысалы 1937 жылы атылғандар партия құрып, дербестікке ұмтылды. Олар – қазақ үшін, қазақ мемлекеті үшін атылғандар. Сондықтан мұндай тұлғаларды біздің жастар білуі тиіс. Архивтер жабық дегенмен де, жастар оқитын материал жеткілікті, – деді «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.

– Келер ұрпақ «Мен қазақпын!» деп мақтанышпен айтуы үшін тарихын білуі керек. Бұл өте маңызды. Өйткені кешегі ата-бабаның  жанпида әрекетінің арқасында бүгін рахат өмір сүріп жүрміз, – деді республикалық «Желтоқсан-86 — тәуелсіздік қырандары» халық қаһармандары қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлбахрам Жүніс.

Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші жұмыс істеді. 60-тан аса мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды шаруалар жүргізілді. Атқарылған іс аз емес, шаруа әлі де жалғасады. Өйткені алда үлкен міндет тұр. Бұл тұста тарихшылар 1993 жылы қабылданған заңды өзгертуді ұсынып, репрессияға ұшырағандардың ұрпағын да «саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп тану қажет екенін алға тартты.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жұмбақ өлім: мәйіті өзеннен табылған әйелдің туыстары күдіктілерді атады