Сауалдарға алдағы бейсенбі сағат 19:35-те Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев жауап береді
Алматының Жетісу ауданына қарайтын «Кемел» ықшамауданының тұрғындары Almaty.tv тілшісіне хабарласып, елдімекеннің қалаға қосылғанына 5 жылдан асса да, жергілікті әкімдік тарапынан көңіл бөлмей келе жатқанын жеткізген. Тіпті осы уақыттан бері бірде-бір рет айнала абаттандырылмады дейді олар. Сондықтан, шағын аудан ішіндегі шағын көшелерге асфальт төсеуді сұрайды.
«Кейбір көшелерді асфальттап қойды, кейбірі әлі ескі күйінде қалды. Біз сияқты кәрі кісілер қыста көшеге шықпақ түгілі дүкенге әрең барамыз. Немерелеріміз мектепке барып-қайтқан сайын қол-аяғын сындырып алмаса деп уайымдап отырамыз. Оған қоса мұнда жарық та дұрыс емес», – дейді тұрғындардың бірі.
Аудан жұртшылығын кедір-бұдыр жолдар мен қараңғы көшелер, әсіресе кәріз құдықтары қатты алаңдатады. Олар Жетісу ауданының әкімінен көшенің қашан жөнделетінін сұрағылары келеді.
«Жауын-шашын маусымы басталған кезде бұл көшемен жүру мүмкін емес. Ал жазда шаң болып кетеді. Әсіресе, көктемде қиналамыз. Себебі, балалардың мектепке баруы қиындайды», – деді аудан тұрғыны.
Аталған сауалдарға алдағы бейсенбі сағат 19:35-те Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев тікелей эфирде өтетін «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасында жауап береді. Аудан тұрғындары мазалаған сұрақтарын қазірден бастап «Алматы» арнасының ресми сайтында қалдырып, уатсап қосымшасы арқылы жазбаша, аудио және бейне жазба ретінде жіберсе де болады. Сонымен қатар тікелей эфир кезінде студияға қоңырау шалу арқылы да сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.