Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдардың артық тұстарын түсіндірді
Мобильді аударымдар бақыланатын болғасын, саудагерлер салық төлемеудің жаңа жолын ойлап тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Яғни, сатушылар банк картасына аударым жасатпай, төлемді байланыс нөміріне баланс ретінде салуды өтінеді. Кейін сол ақшаны шығарып алады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мұндай тәжірибеге саудагерлер жаппай көшетін болса, тексеріс басталатынын жеткізді.
– Бұл – уақытша құбылыс. Мобильді баланс арқылы төлем жасау тұтынушыға да ыңғайсыз.Сауда жасаған сайын клиент байланыс операторларына баланс аударып отырмайды. Сондықтан мұндай тренд көп ұзамай тоқтатылады, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Вице-министр осы жылы жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексерілмейтінін тағы да бір еске салды. Тек жеке кәсіпкердің табысы ғана есептеледі. Яғни, 3 ай қатарынан 100 түрлі адамнан ақша түссе, салық органына кәсіпкер туралы ақпарат барады. Ал 1 ай ақша түсіп, араға бірнеше ай уақыттан кейін тағы аударымдар болса, ондай ақшалар табыс ретінде көрінбейді.
– Жалпыға бірдей декларацияны 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкер тапсырады. Жеке кәсіпкерге жыл бойы аударым жасалса, 2025 жылы деректерді тексереміз, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Оқи отырыңыз: Әкіммен кездесу қорытындысы: тұрғындардың қандай мәселелері шешілді