Қазақстанда он жылдан соң білікті мамандар жетіспеуі мүмкін

18.02.2019 21:38

Депутат шетелге кетіп жатқан білімді жастар мәселесін көтерді

Қолынан іс келетін, білімді жастардың шетелге жиі кету мәселесін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, елден кетіп жатқан кадрлар көші 34 пайызға артқан. Үкімет сағатына қатысқан Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев даурығудың қажет жоқ өзінше жауап берді. Ал депутат олардың Қазақстан қайта оралуы екіталай деген пікірде.  

«Өкінішке қарай, бізде зияткер жастарды қолдау және оларды ұлттық экономикаға тарту жолы бір жүйеге қойылмаған. Министр мырза, айтыңызшы, осы мәселені қалай шешпекшісіздер? Әсіресе, дарынды әрі білімділердің мәселесі қалай шешіледі?», – деген сауал қойды ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Құралай ҚАРАКЕН.

Дархан Қалетаев қорқатын ештеңе жоқ деді. Өйткені, жастардың өзге елге қоныс аударуы бүкіл әлемді алаңдатқан жағдай. Ведомство басшысы өз жауабында елімізде жас ғалымдарды қолдауға биылдан бастап 3 миллиард теңге бөлінетінін ғана мысалға келтірді. Сонымен қатар, министр елден кететіндер тұрғылықты ұлттар емес, өз ата жұртын, ділі мен тілін іздегендер деді.  

«Елден кеткендер жайы көп айтылып жүр. Бұл әлемдік тенденция. Шекара асқандарды байқасаңыздар, олардың 70 пайызы – өзге ұлт өкілдері, яғни тұрғылықты халықтар емес. Сондықтан бұл қалыпты процесс. Бұдан трагедия жасаудың керегі жоқ деп ойлаймын», – деді ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан ҚАЛЕТАЕВ.