Жыл қорытындысы: Алматы үшін 2019 жыл түрлі мәдени шаралармен есте қалды

30.12.2019 21:38

Биыл Алматыда елімізге белгілі 15 тұлғаға мемориалдық тақта орнатылған

Алматы қаласы сынды тіршілігі қызу қайнаған қаланың мәдени өмірінде  2019 жылы қандай жаңалықтар болды. Жыл соңында барлық сала мамандары өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жоспар жасайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – руханият астанасы. Өтіп бара жатқан жыл қаладағы түрлі мәдени шаралармен есте қалды. Қазақ киносының атасы Шәкен Аймановқа, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге, композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылса, елімізге белгілі 15 тұлғаға мемориалдық тақта орнатылды. Ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған еске алу кеші  оқырманды сүйікті ақынымен қайта жүздестіргендей болды.

Әсіресе, атақты жазушымыз Ә.Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы, қазақтың бұлбұлы Б.Төлегенованың 90 жасқа толған шығармашылық кеші кең көлемде аталып өтті.

«Өте бақыттымын, халқым мені әлі де жақсы көреді екен. Мен де сіздерді жақсы көремін. Мені халық көтерген, ауыл шарушылығы еңбеккерлері көтерген. Сондықтан мен сіздерге басымды иемін», – деді КСРО Халық әртісі Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Жазушылар Одағының және «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдығын атап өту қазақ қаламгерлерін бір серпілтіп тастады. 1932 жылы іргетасы қаланып, 1934 жылы алғашқы сьезі өткен Одақтың құрамында 10 шақты ғана адам болған еді. Қазір олардың саны 800-ден асады. Алматыда 360 қаламгер тұрады. Қазақстанның 14 облысынан жиналған ақын, жазушы, драматургтер ойларын ортаға салды.

«Жазушылар Одағын құрметтеп, қастерледік. Сондағы ақын, жазушыларды да. Шүкіршілік, кітаптарым шығып, Қазақстанға ақындық атағым шыға бастаған кезде үлкен ағаларымыз, ғұлама сыншылар өздерінің ақ батасын беріп, мені жылы қабылдады» – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марфуға АЙТҚОЖИНА.


Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаев шығармашылық тұлғаларды қолдау мақсатында Қазақстан Жазушылар Одағына арнайы барып, қаламгерлермен жүздескен еді. Күрмеуі көп мәселелер қозғалып, соңғы 20 жылдан бері жөндеу көрмеген Одақтың ғимаратын қалпына келтіруге 250 миллион тенге бөлінді. Келер жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында драматургиялық шығармаларға да байқау жарияланады. Жеңімпаз туынды қала әкімдігінің қаржылай қолдауымен театр сахнасында қойылады. 2019 жылы 110 қаламгер Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың  грантына ие болды.

«Таяуда ғана жергілікті биліктің тікелей қолдауымен 60 адамға грант берілді. Мұны біздің әріптестер ақын, жазушы, драматургтер ерекше қабылдап, қуанып қалды. Мен де сол грантқа ие болғандардың арасынан қала тұрғыны және шығармашылық адамы ретінде алғысымды айтамын», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек ӘШІМЖАН.

Қалада қазір 105 мәдениет нысаны бар. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және дамыту мақсатында мәдени құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету, анықтау, есепке алу, қалпына келтіру жұмыстары өз ретімен жүргізілуде. Мұражай ісін дамыту мақсатында 16886 дана экспонат цифрландырылды. Ал шаһардағы 25 кітапхана «Орталықтандырылған кітапхана» жүйесі бойынша екі мыңнан аса іс-шара өткізген. Алматының мәдени өміріндегі жаңалықтар легі алдағы жылда да жалғаса бермек.