Қызылордалық өнертапқыш электр қуатын шығаратын генератор ойлап тапты

22.10.2023 21:38

Генератор сағатына 100 кВт-қа дейін электр қуатын өндіреді

Сурет: видео скрині

Енді электр желісі жоқ жерде құдықтан қиналмай су шығарып, кез келген электр құрылғысын іске қосуға болады. Қызылордалық өнертапқыш шығыны аз, пайдасы көп ерекше генератор ойлап тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Марат Палмахов баламалы энергия көзінен ток алуға 10 жылдан астам уақыт жұмсаған. Көп зерттеп, талай тәжірибе жасаған. Нәтижесінде осындай құрылғы шықты.

 - Бізде ауылды мекендер бар, фазендалар бар. Енді алыс жерде көп қой бізде салынып жатқан енді оларға кабель тарту қиындау. Баған тарту қиындау. Бірақ оларда ток жоқ. Ток барғанмен әлсіз болады. Соларға осындай зат өте ыңғайлы болады. Бұл құрылғының экологияға мүлдем зияны жоқ. Мысалы сағатына 400 кВт энергия беретін агрегатор небәрі 100 шаршы метр жерді алады екен. Бұл күн панельдерімен салыстырғанда түк емес. Өйткені 400 кВт электр энергиясын өндіру үшін 4,5 шаршы шақырым жерге панель қоюға тура келеді, - дейді өнертапқыш Марат Палмахов

Ол өз генераторының қуатын бірнеше есе арттыруға болатынын айтып отыр.

 - Қуатын, күшін арттыруға болады. Кез келген қуатқа арттыруға болады. Мысалы, мына тұрған 5 кВт шығарса, 10 кВт, 100 кВт істеуге болады. Мегаватт қылып істеуге болады. Оған шектеу жоқ. Аналогтары әлемде жоқ, - деді Марат Палмахов.

Марат өз құрылғысына "Ұлттық зияткерлік меншік институтынан" өнертабыс патентін алған. Бүгінгі таныстырылымды әлеуметтік желілерде ағылшын, неміс, қытай және араб тілінде тікелей эфирде көрсетті. Мақсаты - инвестор табу. Ол талай жылғы еңбегінің еш кеткенін қаламайды. Генераторды қолдану оңай. Оны жасау үшін көп шығын кетпеген. Құрылғыны ірі зауыт, фабрикаларға да орнатуға болады деп отыр автор. 

Оқи отырыңыз: Биыл пияз бағасы қанша болады