Депутат ауылдардағы пошта қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды

23.01.2020 16:22

Бүгінде олардың жалақысы 12 мен 25 мың теңге аралығында ғана

Almaty.tv

Анықталғаны, қазір олардың еңбекақысы 25 мың теңгеден аспайды. Мұндай мағлұматты пленарлық отырыста депутат Шаймардан Нұрымов келтірді. Халық қалаулылары осы ретте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халық қалаулысы Шаймардан Нұрымов жалақы мәселесін түйткілді өңірлерге сапары аясында байқағанын айтады. Мәселен, Алматы облысының тұрғындарымен кездесуде қалың бұқара пошташылардың тапшылығын айтып, шағымданған екен.  Әсіресе шалғай ауылдарда интернеттің баяу жылдамдығы, немесе тіптен болмауынан баспа өнімдері бүгінгі заманға ілесудің маңызды бұқаралық ақпарат құралы болып табылатынын жеткізген. Ал пошташылардың жоқтығынан хаттар мен газет-журналдар екі аптадай кешігіп барып жетеді.

«Ел әлеуметтік және тағы да басқа төлемдерге пошта қызметі арқылы қол жеткізіп жатқаны бұл қызмет түрінің халық үшін маңызы зор екендігін көрсетеді. «Қазпошта» АҚ қызмет көрсетудің көптеген түрлерін жүзеге асырады. Қаржылық операциялар, тауарлар тасымалы, төлемдер, банктік қызметтің кейбір түрлері және тағы басқа да қызмет көрсетулерді жүзеге асыратын бұл ұйым табыстан кенде емес. Міне осылай бола тұра пошташылардың жалақысы өте төмен деңгейде қалып қойғаны ақылға сыймайды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шаймардан НҰРЫМОВ.

Белгілі болғаны, пошташылардың жалақысы 12 мен 25 мың теңгенің арасы. Бұл еңбекақы қолданыстағы заңнамада бекітілген жалақының ең төменгі көрсеткіші 42500 теңгеге де жетпейді. Осыған дейін де бірнеше мәрте көтерілген түйткілдің неге шешілмей келгені түсініксіз, деді депутат. Ал мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова алмастыру бекеттеріне қатысты ой козғады. Айтуынша, ұлттық банктің аталған пункттерге қойып отырған талаптары шағын бизнестің мүмкіндігін шектейді.  

«Жаңа ережелерге сәйкес алмастыру бекеттерінің капиталы 50 миллион теңгеден 100 миллион теңгеге дейін болуы тиіс. Бұл олардың қызметін біршама қиындататыны сөзсіз. Ал клиенттің жеке мағлұматтарын тіркеу «Дербес деректер мен оны қорғау» заңын бұзады. Сондықтан жұмыс ережелерін қайта қарау қажет деп ойлаймын. Себебі олар шағын және орта бизнеске қарсы бағытталған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мерует ҚАЗБЕКОВА.

Депутат алмастыру бекеттерінің жұмыс уақытының қысқартылуы да жағдайды қиындататынын алға тартады. Себебі қаржылық операциялардың басым бөлігі кешкі уақытта іске асады. Мәселен, валюта ауыстыруға көбі жұмыстан кейін келетін көрінеді.