Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шаһарда қандай объектілер жұмыс істемейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қалада 2715 адам коронавирус жұқтырған. Олардың 60 пайызы дертінен айыққан. Осы орайда карантин талабы одан әрі күшейтінін айтты.
«Мысалы, ашық бассейндер, жағажайлар, саябақтар мен скверлерде, ойын-сауық аттрикциондары іске қосылмайды. Қаланың сыртындағы және мектептердің жанындағы сауықтыру нысандары, шипайжайлар ашылмайды. Мәдениет нысандары, ойын-сауық орталықтарында орналасқан кинотеатрлар, фудкорттар, оның ішінде балалар ойнайтын алаңдар және тағы басқа объектілер ашылмайды», – деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин карантин талабын жиі бұзатын нысандардың жұмысы қайта тоқталуы мүмкін екенін атап өтті.