Алтайдың арланы, Шығыс Түркістанның оғланы – Оспан батыр Сіләмұлының туғанына биыл 120 жыл. Қазақтың алтын аңызы атанған Оспан батырдың мерейтойы елімізде жыл бойы тойланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаттықтың өшпес рухына айналған аңыз адамның еңбегін, ерлігін елге насихаттау үшін алты Алашқа сауын айтылып, бәйге жарияланды. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының ұйытқы болуымен атқарылатын іс-шаралар туралы мәліметтер бүгін Алматы қаласында жазушы-тарихшылардың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жыл соңына дейін жиырма шақты ірі іс шараны өткізу жоспарланған.
«Біз тарих институтының ұсынысымен «Ұлы даланың ұлы есімдерінің» қатарына Оспан батырдың да есімін енгізуді ұсындық. Елді азаттыққа шақырып, басқыншыларға қарсы көтеріліс жасау екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Кезінде Кенесары Қасымов жасаған ерлікті содан кейін, 20-шы ғасырдың ортасында Оспан батыр қайталады. Өкінішке қарай, біздің мектеп оқулықтарымызда Оспан батыр туралы ақпарат тым кемшін. Егер шын мәніндегі қазақстандық патриотизмді дамытқымыз келсе, біз Оспан сынды батырларымызды мектеп оқулықтарына енгізуіміз керек», – деп пікір білдірді тарих ғылымдарының докторы Сайын БОРБАСОВ.
Шара аясында ақшалай жүлде қоры тігілген байқау-бәйге де ұйымдастырылмақ. Оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, суретші-мүсіншілер, ақын-жазушылар мен ғалымдар қатыса алады.
Айта кетейік, Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, Түркия, Франция, Германия, Ресей, Монғолия сынды бірнеше мемлекетте те атап өтілмек.