Жетісу мен Алматы облыстарындағы жолдар бір жылда 1480 рет тексерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының мамандары Жетісу мен Алматы облыстарының жолдарынан 1480 жол-құрылыс материалдарының сынамасын алды. Мәселен Алматы облысындағы жолдар 130 рет тексеріліп, 676 сынама алынса, оның 239-ы тиісті талаптарға сай келмейді. Ал Жетісу жолдары 138 рет тексеріліп 813 сынама алынған. Оның 531-інен ақау анықталыпты. Жалпы екі облыс бойынша тексерілген жолдардың 74 пайызы нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес жасалмаған.
«Суық асфальт жабынынан керндерді 15-30 күн ішінде алуға болады. Ал ыстық асфальт бетоннан сынама 1-3 күн ішінде алынуы керек. "ҚазАвтоЖол" және жергілікті атқарушы органдар бойынша жоспарланып алынған сынамалар бір рет зертханадан өтпеген жағдайда 28 күн ішінде регламент бойынша екінші рет алынады. Одан кейін регламент бойынша сынамалар талқыланбайды», - дейді «ЖАҰСО» РМК Алматы облыстық филиалы сапа және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы Руслан Қашқынбай.
Айта кетейік, жол құрылысы материалдарының 96 пайызы төселген асфальтбетон жабынынан іріктелген үлгілер. Тексеру нәтижесі бойынша облыстық, аудандық әкімдік өкілдеріне (әкімдердің орынбасарларына) жол-құрылыс материалдарының нормативтік-техникалық талабына сәйкес келмейтін ақаулары мен ескертуі бар хаттарды бірнеше рет жолданды.
Оқи отырыңыз: Алматыда қоғамдық көлікке арналған жолақ көбейеді