Игілікті іс болған екен: Мәжіліс депутаты Байтұрсынұлы мұражайы жайында

Игілікті іс болған екен: Мәжіліс депутаты Байтұрсынұлы мұражайы жайында
2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына өтуіне байланысты пікір білдірді. Бұл туралы депутат Ғacebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

«Алматыдағы ХХ ғасырдың басында ағаштан қиып салынған Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің басынан Тәуелсіздік жылдары қаншама алағай да бұлағай сәттер өтті. Тіпті, сонау 2006 жылдары түп орнымен қопарылып, сүріліп те кете жаздаған болатын. Иман нұры пейіште шалқысын, жарықтық, ұлт ақсақалы Тұрсынбек Кәкішевтің қайрат көрсетіп, аяғы да, дауысы да жеткен жерге дейін барып, қара шаңырақты аман алып қалған болатын. Мұражайдың меңгерушісі (шырақшысы десе де артық емес) Райхан Имаханбет те жанын жалдап жүріп сан мінбеден сан рет дабыл қақты. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ… Ақпарат құралдарында қаншама рет көтерілді.

Осы кезге дейін өз күнін өзі көріп келген мұражай-үй күні кеше қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беріліп, Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына өтіпті.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді.

Келер жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Соның қарсаңында үлкен игілікті іс болған екен», – деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Айта кетейік, ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр.

Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Мұражайда А. Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал сақталған.



Новости партнеров