Бұл туралы Қытайдың Алматыдағы Бас консулы журналистермен өткен кездесуінде мәлім етті
3 жылдан кейін қайта ашылған Қорғас арқылы шекарадан 1 айда 360 мыңнан астам адам өткен. Бұл туралы Қытайдың Алматыдағы Бас консулы журналистермен өткен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дерекке сүйенсек, халықаралық орталықтың көрші елдегі бөлігіне күніне 12 мыңға жуық адам кіреді. Айта кетсек, қазақстандықтар Қорғасқа жеке куәлікпен немесе төлқұжатпен өте алады.
«Қорғас» халықаралық орталығы арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс дамып жатыр. Алдағы уақытта келушілер саны бұдан да көп болатыны хақ. Қазірдің өзінде күніне 12 мыңға жуық адам келіп жүр. Ынтымақтастық орталығы бажсыз сауданы, оффшорлық қаржыландыру мен туризмді, сондай-ақ көрмелерді дамытуға күш салды. Қорғастың Қытай бөлігінде бүгінде 35 жаңа жоба әзірленіп, соның 15-і іске асырылған», – деді Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй.
Бұдан былай қазақстандықтар 1 айда 31 келіден артық тауар алып кете алмайды. Заттардың жалпы құны мың еуродан аспауы керек. Сатып алушылар автобусқа өзімен 5 келі жүк қана алып кіреді. Ал қалғанын әуежайдағыдай жүк тасымалдау пунктіне тапсыруға міндетті.
«Мен Алматыдан келдім. Бұрыннан келіп тұрамын. Ашылғалы бірінші рет келуім», – деді Алматы қаласының тұрғыны Қаракөз Исаханова.
«Барлық дүкенін аралап көрдік. Өзіме қажет заттарды таптым. Ковидке дейін жиі келетінмін. Өзгерістерді байқадым», – деді Тараз қаласының тұрғыны Екатерина Касимова.