Алматы облысында бір тәулік ішінде 12 жүргізуші масаң күйде ұсталды

13.02.2020 21:40

Облыстық полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күнін қорытындылады

ural-meridian.ru

Алматы облысында бір тәулікте масаң күйде көлік тізгіндеген 12 жүргізуші ұсталды, -деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күнін қорытындылады. Естеріңізге сала кетейік, 12-14 ақпан аралығында Алматы облысында негізгі мақсаты жол-көлік апаттарының алдын алу және жол қозғалысына бақылауды күшейту болып табылатын «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Іс-шараның алғашқы күні тәртіп сақшылары жол ережесін бұзудың 938 дерегін әшкереледі. Оның ішінде 12 жүргізуші масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік жүргізуге құқы болмаса да, темір тұлпар тізгіндеген тұлғаларға 43 әкімшілік хаттама толтырылған.

Сондай-ақ, 86 жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін, 97 тұлға қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін, ал 43 көлік жолда жүру ережесін сақтамағаны үшін айыппұл арқалаған. Жаяу жүргіншілерге берілген басымдықты ескермеген 29 жүргізуші мен рұқсат етілмеген жерге жолды қиып өткен 135 жүргінші әкімшілік жазасын алды. Алматы облысының Полиция департаменті жол қозғалысының қатысушыларын жолда жүру ережесін бұзбауға, жолда мұқият болуға, өзара құрмет көрсетіп, жылдамдық тәртібін қатаң сақтауға шақырады.