Күні кеше ел аумағында тұңғыш рет Шаңырақ күні тойланды. Атаулы датада өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға құрмет көрсетіліп, шаңырақтың беріктігі насихатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаңырақ күнінде некесін қайта жаңғыртқан жұп – Амангелді Арын мен Кербез Қуатова. Олардың отбасы құрғандарына алпыс жыл толған. Бүгінде үш баладан жеті немере, үш шөбере сүйген ата-әже мерекеде гауһар тойын атап өтті.
– Бұл – жақсылық. Үлгі, өнеге ғой. Жаныңдағы әйеліңді сыйлай білу керек, сонда ұғымпаздық, үйлестік болады. Жастар аман болсын! – деді облыс тұрғыны Амангелді Арын.
– Мерекені өткізіп жатқан қаламыздағы жауапты қызметкерлерге мың да бір рақмет. Бастама жалғаса берсін. Жанымызда еріп жүрген немерелерімізге сабақ болсын, – деді облыс тұрғыны Кербез Қуатова.
Салтанатты рәсімде тағы 50, 40, 30, 25 жыл отасқан отбасылардың некесі қайта қиылды. Оларды Талдықорған қаласының әкімі құттықтап, сый-сияпатын тарту етті. Оны айтуынша, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға құрмет көрсету жалғасады.
– Наурыз мейрамын он күн бойы атап өтіп жатырмыз. Көрісу күнімен бастасақ, бүгін Шаңырақ күніне келіп тұрмыз. Бұл – әр отбасының құндылығын білдіретін мейрам. Бақытты, өнегелі отбасынан ертеңгі күні бақытты, сау жас ұрпақ шығады, – деді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл.
Әз-Наурыз мерекесіне орай қалада 100-ден аса іс-шара өткізілмек. Облыс тұрғындары спорт жарыстары, концерттік бағдарламалар мен ұлттық нақыштағы бірқатар мерекелік кешке куә болады. Ал биылдан бастап аталып өтілген «Шаңырақ» күнінде 5 отбасы некесін қиған.
Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Алматылықтарға Наурыз мерекесінің тарихы мен дәстүрлері жайлы айтылды