«Олар аяушылық дегенді білмеді». Осылай деген медицина қызметкері Зинура Сапабекова қаңтар оқиғасын әлі күнге дейін қорқынышпен еске алатынын жеткізді. Ол дүрбелеңде 3 ұландық сарбазды мекемеге жасырып, өлімнен арашалап қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әскерилердің алғысына бөленген Зинура есімді алматылық тұрғын 5 қаңтарда жұмыста болыпты. Сол кезде тәртіпсіздікке бой алдырған қалың топтан 3 ұландық сарбазды жасырып қалған. Оларды қуып келгендер мекеменің алдынан кіре алмағандықтан, артқы қақпаны сындырып кірген. 50 шақты адам медицина орталығын қиратып, бас сауғалаған сарбаздарды іздегенін айтады.
«Ол кісілер кірген кезде ашулы болды. Көздерінде ешқандай жанашырлық болмады. Тек өлтіруге келгендей, ауыздарынан «Өлтіремін! Өлтіремін!» деген сөздер шыға берді. Бізге беріңдер деп талап қойды», - деп еске алады «Керуен-Medicus» медицина орталығының директоры Зинура Сапабекова.
Ашуға салып, тәртіпсіздікке басқан адамдар 4 қабатты аралап жүріп, 1 сарбазды тауып алған. Зинураның айтуынша, олар оны өлтірмек болыпты. Қайта қалың топтың арасынан бір адам сөзімді тыңдап, жараланған бозбалаға тиіспеді дейді.
«Төле би көшесінде көлікпен соқты. Тұра алмадым. Халық кәдімгі қарапайым көлікке отырып алған. Сонымен бізді қақты. Митинг болып жатқан кезде сол кісі мені құтқарып алды. Сол кісіге көп рақмет!» - деді қатардағы жауынгер Сырлыбай Төлегенов.
Ал Евгений мен Айна 5 қаңтарда 6 сарбазға көмек көрсеткен. Қаладағы тәртіпті күзеткен сарбаздардың айтуынша, Тушиевтер әулеті оларды жасырып қана қоймай, жарасын таңып, қолдан келген көмегін аямаған.
«Өзім сияқты сарбаздардың басы жарылып, аяқ-қолы көгерді. Солардың бәрін бинтпен орап, алғашқы көмек көрсетті. Сол үйде 1-2 сағат отырдық та, одан кейін батальонға қайтып келдік», - деді қатардағы жауынгер Данияр Батырбекұлы.
Қаңтар айының басында болған дүрбелеңде 400-ге жуық ұландық жауынгер түрлі дене жарақатын алды. Оның 209-ы – Алматыдағы тәртіпті күзеткендер. Одан бөлек, қаңтар оқиғасында Ұлттық ұланның 100-ден аса техникасына зақым келді.
Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы