Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы жаңбыр суы шайып кеткен жолдарды қалпына келтіруді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«30 сәуір күні жауған жаңбыр суы Медеу ауданындағы Алмалы көшесінің жолын шайып кетті. Оқиға орнына Медеу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, әкімдік, Қазселденқорғау қызметкерлері барды. Асфальтта ұзындығы 12-16 метр және ені шамамен 5 см жарық пайда болғанын анықтады, көліктер мен жаяу жүргіншілердің кіруіне шектеу қою үшін қауіпті жерлер қоршалды, полиция қызметкерлері бекет орнатты», - делінген хабарламада.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта келген шығын есептелуде және смета құны жасалып жатыр. Содан кейін жол учаскесін жөндеу және көлбеу учаскені нығайту жұмыстары жүргізілмек.
«Қауіпті аймақтың ұзындығы шамамен, 100 метр. Жақын маңда тұрғын үйлер мен коммуналдық ғимараттар орналасқан. Жауын-шашын көп жауған жағдайда, тас жол бойында топырақтың одан әрі опырылып кету қаупі бар», - делінген баспасөз қызметі хабарламасында.