Бүгін – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден өткен күні. 30 жыл бұрынғы қайғылы күнді еске алып, ер еңбегін ерекше атап өткен алматылықтар Қонаев атындағы бюстке гүл шоғын қойды, үнсіздік минутын арнап, естеліктер айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заманының заңғар тұлғасы деп танылған Қонаевтың саясат пен өндірістегі еңбегін ел жақсы біледі. Димаш Ахметұлы билік басында болғанда Қазақстанда 68 жұмысшы кенті пайда болған. Елдегі өнеркәсіп шамамен 9 есеге, ауыл шаруашылығы 6,2, ал құрылыс 8 есеге өсті.
– Орталық Комитет бюросының мәжілісінде тек цирфмен сөйлесетін. Инженерлермен көп кеңесетін. Нағыз инженер! Жұмысына адал еді. Идеясы көп болатын, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов.
Қонаевтың «академик» атағы үшін төленетін 340 сом ақыдан бас тартқаны, тиісті қаражатты балалар мен жас ғалымдарға бағыттағаны белглі. Ел ішінде ердің аты аталса, әуелі оның біліктілігі, кісі көзіне күліп қарап, жылы шырай танытатыны сөз болады.
«Қонаевтың көзін көрдім» дегендердің көбі қайраткердің қарапайымдылығын айтады. Қапсағай денелі, еңселі адамның бойындағы ұлттың болмысы мен бұла күшінің буырқанып жатқанын жеткізеді. Ал саясаткерлігінен бұрын ғылымдағы біліктілігі білініп тұратын Димаш Ахметұлы Алматыда селден қорғайтын бөгет салды, өнер мен білім ошақтарын ашты, авто, аэро және теміржол вокзалының бой көтеруіне мұрындық болды. Бүгінде мегаполистің мақтанышына айналған «Қазақстан», «Достық», «Алматы» сынды қонақүйді тұрғызды. Сол кездегі ел астанасын былай қойғанда, күллі республиканың өнеркәсібін өрлетті.
– Алла берекесін берді, сол жылдары 1 млн пұт астық жиналып, қамбаларға сыйдыра алмаған соң, Шу ауданындағы Бірлік ауылынан тәулігіне 80 тонна бидайды кептіретін элеватор салдырған, – деді ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаев.
Саясаткер, қайраткер, ғалым Қонаев турасында ел айтады, цифр сөйлейді. Қонаев – қару-жарақ жинауды жақсы көрген. Коллекциясында ел біле бермейтін жалғыз даналы мылтығы көп. Өзге елдің басшыларынан 480-ге тарта оттығы сыйға келген.
– Ағамыз өте ақкөңіл, жұмсақ адам еді. Бізге, жақындарына ерекше мейірімді еді. Қай-қайсымыздың да білім-ғылымға беріліп, көп оқығанымызды қалады. «Талап пен дөрекілікті, беймазалық пен іскерлікті шатастырып алмаңдар» деп жиі айтатын, – деді Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев.
– Бір күні Зухра Шариповнаның құлағына әлдене деп сыбырлады. Мен қасында тұрдым. Сосын Димаш Ахметұлы бізбен қоштасып кетті. Сөйтсек, «сенің тамағыңды сағынып жүрмін. Бүгін өзің тұшпара жасашы» деген екен, – деп еске алады Д. Қонаевтың медбикесі Әлия Белгібаева.
Ел ішінде Димаш Ахметұлының 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан жұбайымен жарасымдылығы жиі айтылады. Академик аяулы жарының қазасынан кейін 2 жеті үйден шықпаған. Дүниеден озар алдында Зухра Шәріпқызы «Мәңгілік ұйқым тыныш болсын десең, бақилық ғұмырыңда да қасымда болшы» деп тілек айтқан екен. Соңғы сұхбатының бірінде осыны айтып, жасаураған жанарын жасыра теріс айналған Қонаевтың да өмірден өткеніне 30 жыл толды.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы