Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң наурыздан бастап күшіне енеді

11.02.2022 23:39

Осы заң арқылы жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық, эксперименттік, қызметтік мақсаттарда, үйдегі, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң 2 наурыздан бастап өз күшіне енеді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жаңа заң және әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.

«Заңмен атап айтқанда, жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық, эксперименттік, қызметтік мақсаттарда, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген. Сондай-ақ барлық бұқаралық ақпарат құралдарында да жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салынады», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Сонымен қатар, жаңа заңға сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керек. Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады.

«Есепке алудың егжей-тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Бұл шаруа иелердің есебінен жүзеге асырылатынына назар аударған жөн. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді. Сондай-ақ иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынады», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Теги: жануар