Жоба 25 сәуірден бастап іске қосылған еді
«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына 17 мыңнан аса адам өтінім беріп үлгерді. Бұл туралы «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баспасөз жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жоба 25 сәуірден бастап іске қосылған еді. Ал өтініш қабылдау маусымның соңына дейін жалғаспақ. Мұндай шешім мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың әбігерге түспеуі үшін қабылданған. Жауаптылардың сөзінше, ипотека 8 жылға есептеліпті. Банк болжамына сай, биыл жеңілдетілген бағдарлама көмегімен 12 мың тұрғын қоныстойын тойламақ.
«Маусымның соңына дейін әлі уақыт бар. Бүгін үлгермегендерге мүмкіндік бар. Өтінімді қашан берсеңіз де еш айырмашылығы жоқ. Барлық құжатты реттеп барып беру керек», – деді «Отбасы банк» АҚ филиалының директоры Жансұлтан Матай.
«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтінім білдіру үшін «Отбасы банкінде» депозит ашып, кем дегенде 1 миллион теңге қаражат жинау қажет. Сондай-ақ соңғы 5 жылда атыңызда жылжымайтын мүліктің болмағанын растайтын анықтаманың болуы маңызды. Бастапқы жарна - тұрғын үй құнының 20 пайызы. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін кредиттік мөлшерлеме – 7, ал өзге тұрғындар үшін – 9 процент.
«Жиналған балдың мөлшері мен шыққан қорытындыға ешкім араласа алмайды. Сонымен қатар пәтер таңдауға да ешкім ықпал етпейді. Сол себепті, біз барлық құрылыс компанияларын шақырамыз. Қазір 8500-ден астам пәтер бар, бірақ оның санын шамамен 40 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз», – деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: Алматы кәсіпкерлері стандартқа сай келмейтін жарнаманы алып тастайды