Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі қызметіне тағайындала салысымен Instagram, Facebook және Twitter әлеуметтік желілерінен жеке парақшасын ашты. Небәрі 3 апта ішінде Instagram-парақшаға 90 000 адам жазылды. Қала жұртшылығы әкімге 14 000-ға жуық сауал жолдады.
Бақытжан Сағынтаев сауалдардың 66 пайызына жедел түрде жауап берді.
Тұрғындарды мазалайтын мәселелер:
1. абаттандыру – 964 (13%)
2. көлік және жол құрылысы – 592 (8%)
3. энергетика және коммуналды шаруашылық – 210 (2%)
4. тұрғын үй – 171 (2%)
5. жарықтандыру – 167 (2%)
Қала әкімі тұрғындар тарапынан түскен әрбір сауалды жіті зерттеп, аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Аудан басшылары 1 тамызға дейін әрбір алматылықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жұмыс жоспарын әзірлеп, Сағынтаевқа көрсетуі тиіс.
Шаһар басшысы Алматының шет аудандарына айрықша көңіл бөледі. Сол себепті «Шетсіз қала» қағидаты бойынша жұмыс істейді.
«Қала мен оның іргелес аудандарында тұратын халықтың жағдайы жер мен көктей. Бұл жағдайды түзетіп, барлығына бірдей жағдай жасау керек. Баспана мен жұмыспен қамту мәселелері басты назарда», - деді әкім.
21 шілдеде Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданын аралады. Әкіммен кездескен Ақжар шағынауданының тұрғындары ауыз су мен электр жарығының жоқтығын, тозығы жеткен жол, қоғамдық көлік жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді көтерді.
«Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды біртіндеп шешу керек. Алдымен су мәселесі: орталықтандырылған су құбыры жүргізілуі тиіс. Екінші кезекте – көшелерді жарықтандыру мәселесі тұр. Барлық инженерлік желілер мен құбырлар тартылып болған соң ғана жол салынады. Бұл мәселелерді осылайша кезең-кезеңмен шешеміз. Ең алдымен шет аудандардың тұрғындарына ауыз су мәселесін шешіп беруіміз тиіс», - деп жазды Алматы әкімі өзінің Instagram-парақшасында.