Бір-екі жылдың көлемінде Алматыда 8 жаңа мектеп салынбақ
Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова мәлімдеді. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы мектеп оқушыларының саны 17 мыңға артқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын қарқынды өсіп келеді дейді. Алматыдағы мектеп тапшылығын жою үшін бір-екі жылдың көлемінде 8 мектеп салынбақшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бұл мәселе де кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Қазір Алматы қаласы бойынша 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар құрылды. Ол жоспарда мектептер және балабақшалар салу қарастырылған. 2020 жылы бұйыртса 8 жаңа мектептің құрылысы басталады. Әрқайсысы 1500 орыннан немесе 1800 орыннан. Орта есеппен алғанда 12900 орынға 8 мектеп салынатын болады», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ҚОЖАБЕРГЕНОВА.
«Шаһарда жалпы білім беретін 205 мектепте 261 мың 13 бала білім алып жатыр. Олардың ішінде 20 мың 735 оқушы әлеуметтік көмекті қажет ететін көпбалалы отбасынан шыққан. Оларға білім мен тәрбие берумен қатар, күнделікті ыстық тамағы, әлеуметтік қолдау көрсету мемлекет есебінен жүзеге асады», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ҚОЖАБЕРГЕНОВА.
Балалар толық тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Әр бала бір күнде 400-450 теңге аралығында тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Аталған қаражат бюджет есебінен қарастырылған.