Қазақстандағы гидроинженерлік саланың алдында үлкен міндет тұр. Елде алдағы 6 жылдың ішінде 20 жаңа су қоймасын салу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл елдің 10 аймағын топан су басып, көпшіліктің бойын үрей биледі. Қарғын судың құрсауында қалған 100 мыңнан астам адам құтқарылды. Еріген су бізді ғана емес, шет елдің де есін алды. Ресей мен БАӘ бірнеше өңірінде табиғат тосын мінезін көрсетті. Отандық мамандар мұның бәрі климаттың өзгеруімен тікелей байланысты дейді. Шетелдік ғалымдардың да пікірі осыған саяды.
– Соңғы 30 жылдың ішінде Жердің орташа температурасы бір жарым градусқа артты. Теңіздер мен мұхиттардың да суы бұрынғыдан әлдеқайда жылынған. Соның салдарынан жауын-шашын да көп болды. Оның үстіне қыстың соңына қарай қар қалың түсті. Ол бірден еріп, осындай жағдайға әкеп отыр, – деді Таяу шығыс техникалық университеті гидроинженерия факультетінің деканы Зухал Акюрек.
Сарапшы «Қазақстан су тасқыны туралы хабар беретін жүйені пысықтауы керек» дегенді алға тартты. Сондай-ақ елде резервтік шағын су қоймаларын салу қажет.
Айта кетейік, мұндай гидронысандарды салу жоспарда бар. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, алдағы 6 жылдың ішінде 20 су қоймасы салынып, ескілері қайта жаңғыртылады. Олар 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинай алады. Бірінші кезеңде 10 нысан елдің Батысында, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан және Жетісу облыстарында салынады. Су шаруашылығындағы маңызды мәселенің тағы бірі – кадр тапшылығы. Қазір бұл салаға 900-ге жуық маман қажет.
– Су саласында да гидрометеорологиялық институт болды. Тараз қаласында да осындай институт болды. Оны гидротехник мамандықтарды бір университетке таратып жүріп, маман дайындаудан айырылып қалдық, – деді «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұлов.
Ескі гидротехникалық нысандарды қайта жаңғыртумен қатар, мамандардығ айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар әзірлеу керек.
– Бұл салада бірқатар маңызды мәселе бар екені жасырын емес. Болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін су шаруашылығы мамандары ескеретін жағдай көп. Инженерлік қорытынды жасалуы керек, – деді техникалық ғылымдар докторы, профессор Анатолий Рябцев.
Ал ресейлік сарапшының пікірінше, гидроинженерлік салада цифрлық инновациялар қолданылуы тиіс. Маман мұндай шешім су қоймаларындағы жағдайды түгел бақылауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Кафедрамызда өзен ағындарын компьютерлік модуляциялау әдісін қолданамыз. АҚШ-тың мамандары осы тәсілді жүзеге асырады, – деді Томск мемлекеттік университеті Гидрология кафедрасы меңгерушісінің қызметін атқарушы Дмитрий Вершинин.
Сарапшылардың пікірін ескерсек, отандық гидрологтар мен ғалымдардың, сондай-ақ өткен жылы ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдында күрделі міндет тұр. Жоспарланған іс-шаралар адами капиталды дамытуда маңызды қадам болмақ.
Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Су басуы мүмкін: Аса өзенінің арнасын кім бұзды