Қоғамдық көлікке отыру үшін аялдамаға жетудің өзі біршама қиындық тудырады
Мектеп пен балабақша жыры бітер емес. Өскемен қаласының тұрғындары 6 жыл бойы «білім ордасы салынады» деген уәденің орындалғанын күтіп шаршаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Себебі, шаһардағы жаңа ықшамаудан жұрты әлеуметтік инфрақұрылымнан қағылыпты. Олардың сөзінше, тіпті, қоғамдық көлікке отыру үшін аялдамаға жетудің өзі біршама қиындық тудырады екен. Ал жергілікті билік болса, тұрғындарға жаңа пәтерлерді үлестіргенде уақыт өте келе жағдай жасалатынын айтып, сендіріпті.
Өскемен қаласындағы 19-шағынаудан көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. 10 жылдың ішінде мұнда 100-ден аса үй тұрғызылған. Атап өтерлігі, пәтерлерге мемлекеттік бағдарлама бойынша көпбалалы отбасылар қоныстаныпты. Енді ата-аналар баласын мектепке немесе балабақшаға апару үшін біршама шақырымды артқа тастауға мәжбүр екен.
Мақпал Нұрланқызы пәтерін 6 жыл бұрын несиеге алған. Жергілікті билік сол кезде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ететіндерін айтқан. Уақыт өтіп жатқанымен, іс жүзінде ештеңе тындырылмапты. Қазір ықшамауданда үй сатудың өзі қиынға соғады дейді тұрғын. Себебі, бұл жерден ешкімнің баспана алуға құлқы жоқ.
«6 жылдан бері балабақша жоқ, мектеп жоқ. Балаларымыз №46 мектепке жету үшін 40 минут жаяу жүреді. Үйге келгенше алаңдаймыз. Құр сөзден шаршадық. Балалар ойнайтын алаң да жоқ», - дейді қала тұрғыны Мақпал Нұрланқызы.
Таулы аймақтағы үйлер негізгі жолдан тым алыс орналасқан. Тұрғындар аялдамаға жету үшін 30 минутқа жуық уақытын жұмсайды. Ал қыстың қақаған аязында, боранды күндері, көктайғақ кезінде жағдай мүлдем қиындап, баласын арқалаған жұрт біраз әбігерге түседі екен. Білім басқармасының өкілдері болса, тұрғындарды әзірге жағымды жаңалықпен қуанта алмайтындарын жеткізді.
«Осы шағынаудан бойынша мектеп құрылысы қарастырылған, бірақ қай жылы құрылыс бастайтынын әзірше айта алмаймыз. Өйткені қаражат қарастырылмаған. Бірақ мектеп те, балабақша да жоспарда бар», - дейді ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Маратұлы.
Әзірше мұндағы жұртшылыққа абаттандыру мен автобус мәселесіне қатысты ғана көмек берілетіні айтылды.
«Жыл сайын уәде етеді. Ашық түрде айтылды, «мектепке қаражат бөлінген жоқ, балабақша да салмаймыз». Енді 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көлік жүргіземіз деді, күтеміз»,- дейді қала тұрғыны Гүлбақыт Макариева.
Аудандағы ағайын мектеп мәселесін құрылысы аяқталмай тұрған колледжді қайта жөндеу арқылы шешуге болатынын да айтады. Себебі, осыдан 10 жыл бұрын мұнда машина жасау саласында кадр дайындау үшін орталық құрыла бастапты. Бірақ жоба құрылысы ұзаққа созылып кеткендіктен, оны жеке инвесторға беріп, соның есебінен білім ордасын тұрғызу, кейін оны сатып алу көзделіпті. Алайда, жоспардың қашан орындалатыны әлі де белгісіз.
Рүстем Айткәрім, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, Өскемен