Жуырда қазақстандық режиссер Катерина Суворова өзінің «Теңізім» (Sea tomorrow) атты толықметражды деректі фильмінің әлемдегі ең ірі стриминг платформасы саналатын Netflix-тен көрсетілетінін хабарлады. Режиссер Арал теңізінің жағалауында түсірілген бұл фильмде теңіздің экологиялық жағдайынан гөрі, сол маңайда тұрып жатқан тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін сипаттағысы келгенін айтады. Бүгінде көрерменге жол тартқан бұл фильм әлемнің сегіз тіліне аударылып көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Qyzbolsyn атты деректі фильмге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан Катерина сұхбат барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
– Интернеттегі деректердің бірінде сізді Ресейдің тумасы десе, енді бір жерде «Алматы қаласында дүниеге келген» деп жазылған. Қайсысы дұрыс?
– Екеуі де дұрыс (күліп). Алматыда тумасам да, өзімді осы жердің тумасымын деп есептеймін. Негізі, аталарым мен әжелерім, туған-туыстарымның көбі Алматыда туған. Әкем Алматы әскери училищесін бітірген соң, қызмет бабымен әртүрлі өңірде болған. Сөйтіп, әпкем Германияда туса, ал мен Ресейдің Қиыр Шығыс аймағында дүниеге келдім. Кейін Кеңес Одағы ыдыраған соң, ата-анам Алматыға қайтып оралған. Қазір барлығымыз осында тұрамыз.
– Әдетте деректі фильм режиссерлері экологиялық жағдайы көңіл көншітпейтін орындарды көрермен назарына әдейі ұсынып, аудитория жинағысы келеді. Бірақ сіз «Теңізім» фильмі арқылы көрерменге мүлдем басқа ой салғыңыз келген екен. Солай ма?
–Иә. Жалпы, бұл фильмді түсіруіме Виктор Цой бас рөлде ойнаған, Рашид Нұғымановтың әйгілі «Ине» киносы түрткі болды. Сол фильмде кейіпкердің ақ құмның ортасында қаусап тұрған кеменің маңайына баратыны таспаланған. Мұны алғаш көрген кезде аң-таң болған мен бұл сюжеттің қай жерде түсірілгенін білгім келді. Сөйтсем, бұл Арал теңізінің жағалауында түсірілген екен. Сосын интернеттен Арал теңізі туралы мәлімет іздегенімде орысша және қазақша жазылған мәліметтер аз, ал ағылшын тілінде көп жарияланғанын байқадым. Негізі, біз – Қазақстан тұрғындары ел аумағында орналасқан небір әсем жерлер бар екенін ұмытып кете береміз ғой. Сондықтан Арал теңізін өз көзіммен көріп, саяхаттап қайтқым келді. Сөйтіп, фотограф досым екеуіміз бірге баратын болып шештік, оған қоса, ол бір ақпарат агенттігінен тапсырыс алып, сонда суреттерін сататын болып келісті. Жолай кездескен бір жапондық турист Токиодағы пәтерін жалға беріп, түскен ақшаға Аралды көру үшін алыстан ат арытып келіпті. Оны қасымызға ертіп алдық. Арал жаққа келе салып, «Қане, кемелеріңіз қайда? Қайдан көрсек болады?» дедік. Бірақ біз ойлағаннан да мүлде басқа картина көрдік. Қарбалас тіршілік, ешкімнің де ешкімде шаруасы жоқ. Әркім өз жұмысымен айналысып жүр. Кемелер қайраңдап тұрған жерге жеткенге дейін жолай қызық хикаясы бар көп адаммен кездестік. Олар бізге ыстық ықылас танытып, жол көрсетті. Діттеген жерге жетудің қысқа жолын көрсету үшін ауылды аралатып, бізбен бірге жүрді. Байқасаңыз, интернетте Аралды көбіне тіршілік көзі жоқ жер деп жазады ғой. Бір күні жол түсіп, ол жаққа барып жатсаңыз, онда өмірдің қыз-қыз қайнап жатқанын көресіз. Сол кезде бұл саяхатқа тот басқан кемелерді көру үшін емес, сол кемелердің маңайында қарбаласқа толы өмір кешіп жатқан адамдармен танысу үшін шыққанымды түсіндім. Оқуға қайтып келсем де, аралдықтардың кейпі ойымнан кетпей қойды. Сөйтіп, бұл жөнінде деректі фильм түсіру туралы шешім қабылдап, жоспар құрып, команда жинақтадым. Бағыма орай, инвестор табыла кетіп, барлығы біз ойлағандай болды.
– Фильмді өндіруші ел ретінде Қазақстан-Германия деп жазылғанына қарағанда біздікілерден бөлек неміс инвесторлары да қаржылай көмек берген болып тұр ғой.
– Иә. Robert Bosch Stiftung неміс қорының киногрантын жеңіп алдым. Негізі, «Теңізім» – менің тырнақалды толықметражды туындым. Кино әлеміне енді қадам басып жатқаныма қарамастан, неміс қорының өкілдері грант ұсынып, қомақты қаржы бөлді. Десе де олар маған осыншама ақшаны неліктен оңай бере салды деп ойлайсыз? Өйткені шетелдіктерге қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі қызық. Бірақ мен фильмді толығымен олардың ақшасына түсірсем, өндіруші ел ретінде Германия деп жазылып, ақыр аяғында көпшілік Қазақстанда түсірілген бұл туындымды неміс фильмі деп танитын еді. Кино әлемінде осылай, кім ақша берсе, сол өндіруші саналады. Содан соң қазақстандық инвесторлардан қолдау іздедім. «Қазақфильмнен» көмек сұраған едім, ондағылар менің идеямды түсінбей, сюжетін ұнатпаса керек. Сосын жолым болып, қазақстандық кәсіпкер Шыңғыс Құлжановты кездестірдім. Аралға барғанда түсірген суреттерді көрсетіп, мақсатымды түсіндірдім. Сөйтіп ол бұл идеяны қос қолдап қоштап, Қазақстанға пайдалы іс жасағысы келетінін айтып, неміс қорының өкілдерімен бірге инвестор болуға келісті.
– Бір сұхбатыңызда Netflix стриминг платформасына шығуды тіпті де мақсат тұтпағаныңызды айтып қалдыңыз. Десе де, жүрек түбінде төл туындыңызды «Netflix секілді әлемдегі ең ірі стриминг сервис арқылы көрсетсе ғой» деген ой болған шығар.
– Мұндай ой мүлде болған жоқ. Осы ретте бір айта кетерлігі, бұл фильм 2016 жылы тұсауы кесілсе де, түсіру жұмыстарын он жыл бұрын бастағанмын. Ал ол кезде халықаралық нарыққа енді-енді шыға бастаған Netflix қазіргідей онлайн жазылу арқылы көруге болатын видеосервис «атағына» қол жеткізе қоймаған. Бұл фильмді түсіретін кезде атақ я марапат алуды көздемедім. Бар болғаны, кинозалға келген көрермендерді ерекше әсерге бөлейтін қызықты туынды жасағым келді. Сосын жоғарыда айтып өткенімдей, қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі, түрлі қиындықтарды қалай еңсеретіні әлемге қызық. Мысалы, аралдықтар теңіздің тартылуынан туындаған қиындыққа мойымай, өз бетінше өмір сүруде. Олар теңіз тартылып қалды, бітті деп қол қусырып отырған жоқ. Олар фильмге түскен, бау-бақшаны гүлдендірудің тәсілін ойлап тапқан Жүкен ата секілді еңбектеніп, сол еңбегінің жемісін көріп жатыр. Егер сізді таңырқатқан хикаяны камера арқылы сауатты, әдемі әрі креативті түрде сипаттай алсаңыз, мұндай ойлы дүниенің өз көрерменін табары күмәнсіз. «Теңізім» – соның дәлелі. Ал оның Netflix-ке шығуы командамның қажырлы еңбегінің көрінісі деп білемін. Режиссер ретінде менің аты-жөнім жиі аталғанымен, бұл фильмді түсіру жолында көптеген қазақстандық маман тынбай еңбек етті. Netflix-ке шығады дегенді естігенде өзім және командам үшін қатты қуандым.
– Бес жыл бұрын тұсауы кесілген туындыңыздың Netflix өкілдерінің назарына қалай іліккені бізге қызық.
– Негізі, бұл фильм бес жыл бұрын жарыққа шықса да, сандықтың түбінде жатқан жоқ. Көптеген халықаралық фестивальдерде көрсетіліп, көрсету құқығын сатып алған бірнеше шетелдік арналарда жүріліп жатты. Айналамдағы көп адам сіз секілді «Теңізімнің» Netflix өкілдерінің назарына қалай іліккенін сұрайды. Бірақ олар фильмдерді қалай іріктеп алатынын жария қылмайды. Бар білетініміз, Netflix платформасына шығудың екі тәсілі бар. Олар фильм түсіруге қаржылай көмектеседі немесе дайын өніміңді сатып алады. Қаржылай көмек алу үшін жоба ұсынып, оны қорғап шығуың керек екені түсінікті. Ал түсірілген фильмді қандай критерий бойынша сатып алуға лайық деп танитыны түсініксіз. Негізі, олар қай фильмді сатып алатынын өздері шешетін секілді. Айта кетерлігі, Netflix-те жұмыс істейтін арнайы іріктеуші топ халықаралық фестивальдерде көрсетілген киноларды үнемі байқап жүреді. Жалпы, түрлі фестивальдерде жүлделі орын алған әрі Оскар сыйлығына үміткер ретінде таңдалған кинолардың Netflix-те көрсетілетінін байқап жүрмін. Сондықтан «ананы бүйтіп түсірсең, мынаны былай жасасаң, Netflix өніміңді 100 пайыз сатып алады» деген қатып қалған ереже жоқ. Тек сапалы өнім жасасаң болғаны.
– Білуімше, қазір «Теңізім» фильмін тек еуропалық көрермен көре алады. Ал қазақстандықтар ше?
– Netflix өкілдері фильмді Еуропа көрерменіне көрсету үшін сатып алды. Өкінішке қарай, Netflix-тің ТМД елдеріндегі жазылушылары мұны көре алмайды. Netflix-тегілер ТМД-дағы клиенттер мұндай фильмдерге қызыға қоймайды, ал еуропалықтар осындай дүниелерді көргенді ұнатады деп есептейді. Бүгінде бұл фильм субтитр арқылы Еуропаның сегіз тіліне аударылды. Өткенде тексеріп көрсем, туындыңның түрлі субтитрде көрсетілгені қызық көрінеді екен. Дегенмен қазір қазақстандықтарға көру мүмкіндігін беру үшін ресейлік стримингтермен келіссөз жүргізіп жатырмыз.
– Тек субтитр арқылы аударылса, демек «Теңізім» Еуропаға қазақ тілін танытуға үлес қосып отыр деп есептесек болатын шығар?
– Әлбетте! Бұл жаңалықтың маңызы осында жатыр. Бірақ көп журналист мұны байқамады. Еуропалықтар бұл фильмді көру арқылы қазақ тілімен «танысады». «Теңізімдегі» кейіпкерлер қазақша және орысша сөйлейді. Негізі, мен осылай жұмыс істеймін. Кейіпкерлердің өздеріне ыңғайлы тілде сөйлегенін қалаймын. Nintety one тобы туралы түсірген Men sen emes атты деректі фильмде де осылай болған. Деректі фильмнің мәні де осында, біздің міндетіміз кейіпкерді «мына тілде сөйлеу қажет» деп тығырыққа тіреу емес, керісінше қалауына ерік беріп, оның мінезін аша түсу.
– Nintety one демекші, BBC агенттігінің жыл басында сол топ жайлы көлемді мақала жариялауына сіздің олар туралы түсірген фильміңіз себепкер болған екен. Сол рас па?
– Иә. Негізі, бұл деректі фильм көпшілік ойлағандай топ продюсерінің тапсырысы бойынша емес, халықаралық ұйымның қолдауымен түсірілді. Ол уақытта осындай топтың бар екенін білсем де, олардың айналасында болып жатқан жайттар туралы ештеңе білмедім. Халықаралық ұйымның олар туралы деректі фильм түсіргісі келетінін естіген журналист құрбым «Алдымен барып танысып көр. Ұнаса түсірерсің, ұнамаса тағы көрерсің» деп ұсыныс білдірді. Жалпы, Қазақстанда бұрын-соңды ешкім жазбаған музыканы жазып, оны тыңдарманға қазақ тілінде жеткізген Nintety one жігіттері сынға ілігіп, түсініспеушілікке тап болса да, өздерін мойындата білді. Содан соң, бұл фильмде тек топтың мүшелерін емес, көптеген қазақстандықтар да сөйлеттік. Меніңше, бұл барлық қазақстандыққа арналған фильм болып шыққан тәрізді. Бір аумақта, бір мәдени кеңістікте жүрсек те, әрқайсысымыздың көзқарасымыз әртүрлі. Ал фильмде мінезі сан алуан адамдардың қалай ортақ тіл табыса алатыны баяндалған. Негізі, бұл фильмнің көрсетілуі пандемиямен тұспа-тұс келсе де, кейіннен бұл туындым түрлі фестивальдерде көрсетіліп жүрді. BBC-дің Сингапурдегі кеңсесінде жұмыс істейтін журналист сол жерде өткен Орта Азия кинофорумында Men sen emes фильмін көргеннен соң лонгрид жазып, сайтқа жариялаған. Артынша оның бұл жазғаны резонанс тудырып, BBC-дің бас кеңсесіндегілер олар туралы видеосюжет әзірлеп, көлемді мақала жариялады. Осыдан кейін деректі фильмнің жойқын күші жоқ деп айтпай көріңіз.
– Қазір Qyzbolsyn деген қызық атаумен шығатын деректі фильмді түсіруге дайындалып жатқаныңызды білеміз. Qyzbolsyn-ның идеясы неде?
– Мен қазақ азаматына тұрмысқа шыққанмын. Отау құрып, отбасымызбен етене араласа бастаған кезде күйеуімнің әжесі өзін үнемі украиндықтардың Уля деген есімімен таныстыратын. Сұрастыра келсем, әжеміздің шын есімі Ұлболсын екен, бірақ өзін Уля деп атағанды құп көреді. Бұған қызыққан мен бұл тақырыпты зерттей бастадым. Белгілі болғандай, түркітілдес халықтарда «осы тілегім орындалсын» деген мақсатта қыз балаларға қойылған үш жүзге жуық есім бар екен. Сондай ерекше есімдері бар әйелдердің портретін неге құрастырмасқа? Бұл фильмде салт-дәстүрді қаралау немесе біреуді кінәлау тіпті де ойымда жоқ. Бар болғаны, қыз-келіншектерге сырын ақтаруға мүмкіндік беретін шынайы фильм түсіргім келеді. Түрлі ниетпен қойылған есімді арқалап жүру біреуге қиын, біреуге керісінше мақтаныш болуы мүмкін. Жуырда Ақтауда он төрт қыз тәрбиелеп отырған отбасыда ұл бала дүниеге келгенін білдім. Сондай-ақ, тұрмысқа шығардан бұрын есімдерін өзгерткен кейіпкерлермен кездестім. Мұның барлығы қызық қой. Бұл фильм 2022 жылы экранға шығады деп жоспарлап отырмыз. Десе де әлі күнге дейін кейіпкерлер іздестірудеміз. Жалпы, бұл кино арқылы Орталық Азия аймағында тұратын барлық әйелдің портретін құрастыруды көздеп отырмын.
– Бір сөзіңізде «Деректі фильмнің жойқын күші бар» дедіңіз. Десе де қазір деректі фильмдерде үнемі жағымсыз сәттер баяндалады, адамның мысын басып тастайды деген стереотип қалыптасқан секілді.
– Мен бұл туралы жиі естимін. Бірақ, шынында олай емес. Біз арамызда өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы оқиғаларын баяндаймыз. Қоспасыз, боямасыз, қаз-қалпында жеткіземіз. Мысалы, аралдықтар «сумен бірге құт кетті» деген стереотипті теріске шығарды. Олар ол жерден кеткісі келсе баяғыда көшіп кетер еді ғой. Бірақ олар өйтпеді. Олар Алматы, Қызылорда немесе көрші жатқан ауданға барып тұруды тіпті де ойға алмайды. Күн кешу қиын секілді көрінетін жерден адамдар неліктен кеткісі келмейді? Мені осы сұрақ мазалады. Негізі, бұл фильмді түсірер кезде мынадай алегорияны ұстандым. Арал теңізінің маңын саяхаттап жүргенде Байқоңырдан ұшырылатын зымырандарды байқадым. Қазір ғалымдар Жер ғаламшары әбден ластанып, тозғаннан кейін Марсқа көшеміз деген әңгімені жиі айтады ғой. Осыны естігенде Жерде біреулер қалып «Сіздер бара беріңіздер! Ал біз осында қалып, барлығымыз жіберген қателіктерді бірте-бірте түзейміз» дейтін секілді көрінеді. Аралдықтарды дәл сондай кейіпте көрдім. Айта кетерлігі, арамызда әлемнің небір әсем жерлерін көріп, сол жерге тұрақтап қалғандар бар, бірақ қанша жерден қолайлы орта болса да Қазақстанға қайтып оралып жатқандар да жетерлік. Алматыда «Теңізімнің» тұсаукесері болған кезде музыкант, архитектор, дизайнер достарыммен осы турасында әңгімелестік. Англиядан, Америкадан оқудан келген олар елде бір үлкен іс жасағысы келетінін, бірақ барлығы бірден бола бермейтінін, алайда жоқтан барды жасап, өз ортасын гүлдендіріп отырған аралдықтарды көргеннен кейін көп нәрсе түсінгенін, дегеніне жетпей қоймайтынын айтады.
– «Теңізім» тек бастамасы болсын, осыдан кейін Netflix-ке шығатын қазақстандық фильмдер саны арта түседі деп сенеміз.
– Солай боларына мен де кәміл сенемін. «Теңізімнің» Netflix-ке шығуы қазақстандық туындыларға сұраныс барын дәлелдеп берді. Сондай-ақ қаржыландыратын институттардың тек көркем фильмге емес, сондай-ақ деректі фильмге де қаржы бөлу көркемдік және коммерциялық тұрғыдан тиімді екенін көрсетті. Бізде деректі фильм түсіретін жас авторлар саны аз, оған қоса мәдени институт өкілдері деректі фильмге еш қызығушылық танытпайды. Бұл – үлкен қателік, олар бұл салада әлеуетіміздің жоғары екенін түсінбейді. Дегенен осыдан кейін деректі фильм түсіргісі келетін қазақстандық режиссерлерге көпшіліктен қолдау табу оңай болады деп сенемін. Режиссерлерге айтар басты кеңесім: мейлінше шынайы адамдар туралы фильм түсіруге тырысыңыздар. Сосын өздеріңіз де шынайы болыңыздар. Шынайылық пен деректі фильм егіз ұғым іспетті. Көрермен туындыңыз арқылы сол шынайылықты сезініп, сюжет желісін жадынан шығармай, көпке дейін айтып жүреді.