Алексей Цой ДДСҰ Еуропа өңірлік комитетінің 70-сессиясына төраға болып сайланды

14.09.2020 21:44

Ведомство басшысы өз сөзінде әлемдік денсаулық сақтау үшін өте маңызды шараға төрағалық ету - ол үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін жеткізді

inform.kz

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 70-сессиясының төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының 70-сессиясы басталды, халықаралық жиынның төрағасы болып алғаш рет Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сайланды.

Ведомство басшысы өз сөзінде әлемдік денсаулық сақтау үшін өте маңызды шараға төрағалық ету - ол үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін жеткізді.

«Халықаралық қоғамдастық пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, біз өзге елдермен ынтымақтаса отырып, COVID-19 қарсы күресті жалғастырамыз. Қазір Қазақстандағы жағдай тұрақталды, ал коронавирус инфекциясы қайта өршитін болса, арнайы жоспар әзірледік. Пациенттерді төсек-орын, қажетті дәрілік препарат және басқа да ресурстармен қамтамасыз етеміз. Отандық дәрігерлер халыққа көмек көрсетуге дайын», - деді А.Цой.

Еуропа аймағындағы ДДСҰ-ға мүше 53 мемлекеттің денсаулық сақтау министрлері мен өзге де жоғары лауазымды азаматтар, сондай-ақ серіктес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері екі күн бойы денсаулық сақтау саласындағы түрлі мәселені талқылайды. Қысқартылған сессияның күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі: аймақтағы және әлемдегі COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл мен тәжірибе, 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды жақсартуға бағытталған жаңа Еуропалық бағдарлама.

Сессияның алғашқы күнгі бағдарламасында Данияның Ұлы мәртебелі кронханшайымы сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Бұдан кейін Еуропалық өңірлік комитеті жиырма жетінші шақырылымның Тұрақты комитетінің есебі тыңдалып, тиісті қарардың жобасы қабылданады.

Сондай-ақ, ДДСҰ бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус аймақтық комитет сессиясының делегаттары алдында сөз сөйлейді. Ол әлемдегі жағдайға, соның ішінде COVID-19 пандемиясымен күресу тәжірибесіне шолу жасайды.

Жиынның күн тәртібін сәйкес ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Еуропалық жаңа жұмыс бағдарламасын ұсына отырып, Еуропадағы денсаулық сақтаудың дамуы туралы баяндама жасайды.

Еуропалық жұмыс бағдарламасында өңірдегі мүше мемлекеттер үш басым міндет - денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуға көшу, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардан қорғау және салауатты өмірді қамтамасыз ету және кез келген жастағы адамдарға қажет кезде жәрдемдесу міндеттерін орындауға үлес қосу деген тұжырым баяндалған.

Сессияның екінші күні ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтағы қайта құрылуын талқылау жоспарлануда. Өңірлік Комитетке ДДСҰ-ның жаһандық және өңірлік деңгейдегі қайта құрылуы шеңберінде ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының қазіргі және жоспарланған қызметіне шолу ұсынылатын болады. Комитетке тиісті жұмыс құжатын қарау ұсынылады.