Алматы мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылды

09.07.2022 13:01

9 шілде – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні

Almaty.tv

Алматыдағы 53 мешітте Құрбан айт намазы оқылды. Намаз оқуға келген жамағаттың қарасы қалың болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті діни мерекесі болып табылады. Биыл Құрбан айт намазы 9, 10, 11 шілде күндеріне тұспа-тұс келіп отыр.

Бүгін, 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні.


Алматының орталық мешітінде «Асыл мұра» бағдарламасы аясында шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени және спорттық шара өтті.


Шараға қатысушылар арқан тарту, асық ату, армрестлинг, гір тасын және қошқар көтеруден бақ сынады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

>

Айта кетейік, дінімізде бұл мерекенің алар орны ерекше. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.