Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды
«Ату жазасына да дайынмын». Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, іс барысында ешқандай айғақтың келтірілмегенін айтты. Экс-шенеунік «60 жыл лайықты өмір сүрдім, өлімнен ұят күшті» деп сөзін тәмамдады.
Айыпталушы төртеудің біреуі денсаулығына байланысты сотқа келе алмаған. Отырыс 19 маусымда жалғасады.
Экс-министрге 2022 жылы мамырда халықаралық көрме мен бірқатар жобаға бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша айып тағылған еді. Тергеу жұмыстары бір жылға созылды. Соның нәтижесінде біраз жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны, шамамен, 221 миллион теңгеден асады делінген.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алған деген күдіктің қосылғаны жайлы айтқан еді.